Қытай спутниктердің жаңа тобын ғарышқа ұшырды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай жексенбі күні елдің солтүстік-батысындағы «Дунфэн» коммерциялық ғарыш ұшыруларына арналған инновациялық-эксперименттік аймақтан «Лицзянь-1 Y18» зымыран-тасығышын сәтті ұшырды, деп хабарлайды Синьхуа.
Зымыран-тасығыш Бейжің уақытымен сағат 12:03–те ұшып, 9 спутникті белгіленген орбиталарына шығарды. Бұл спутниктер ғарыш кеңістігін бақылауға, табиғи апаттардың алдын алуға және олардың салдарын азайтуға, сондай-ақ ғылыми тәжірибелер жүргізуге арналған.
Миссия сәтті аяқталды.
Бұл — Қытай Ғылым академиясының Механика институты құрған CAS Space коммерциялық компаниясы әзірлеген «Лицзянь» сериялы зымыран-тасығыштардың 17-інші ұшырылымы.
Бүгінге дейін «Лицзянь» сериялы зымыран-тасығыштар бір ғарыш кемесі мен 121 спутникті орбитаға шығарды. Олардың орбитаға жеткізген пайдалы жүктемесінің жалпы салмағы 21 тоннадан асты.
Еске салайық, Қытай Жер мен Ай арасында халықаралық спутниктік желі құрады.