Қытай су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 180 млн юань бөлді
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай елдің алты провинциясында су тасқынымен күресу және тайфун салдарын жою үшін ТЖ жанындағы орталық көмек қорынан 180 млн юань (26,5 млн доллар) бөлді, деп хабарлайды Синьхуа ақпарат агенттігі.
Басылымның мәліметінше, Қытай дүйсенбі күні алты провинцияға су тасқыны мен тайфун салдарын жою жұмыстарына қолдау көрсету үшін ТЖ кезінде орталық көмек қорынан шұғыл түрде 180 млн юань (шамамен 26,5 млн АҚШ доллар) алдын ала қаражат бөлді.
Қаржы министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінен бірлесіп бөлінген қаражат Гуандун (оңтүстік Қытай), Фуцзянь, Цзянси (шығыс Қытайда), Хунань (орталық Қытай), Ляонин және Цзилинь (орталық-шығыс Қытай) провинцияларындағы су тасқыны мен тайфунға қарсы төтенше шаралар мен апаттық-құтқару жұмыстарына жұмсалады.
Қытайлық ведомстволардың мәліметінше, қаражат негізінен іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізуге, зардап шеккен халықты эвакуациялау және орналастыруға, төтенше жағдайлардағы қауіпті басқаруға, қайталама апаттардың қауіптерін анықтау және азайтуға, сондай-ақ зақымдалған және қираған үйлерді қалпына келтіруге жұмсалады.
Соңғы күндері Қытайға бірнеше тайфун соқты. Олар елдің оңтүстік, шығыс және солтүстік-шығыс аймақтарында су тасқыны мен геологиялық апаттарға әкелді.
Еске салсақ, Қытайдың Су ресурстары министрлігі «Ноул» тайфуны әкелетін нөсер жауынға байланысты елдің жеті өңірінде су тасқынына қарсы 4-деңгейлі төтенше әрекет ету режимін енгізді.