Қытай су тасқынынан зардап шеккен өңіріне қосымша гуманитарлық көмек жіберді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Гуанси-Чжуан автономиялық ауданындағы табиғи апаттан зардап шеккендерге қосымша гуманитарлық көмек бөлді, деп хабарлайды Синьхуа.

Қытай су тасқынынан зардап шеккен өңіріне қосымша гуманитарлық көмек жіберді
Фото: Синьхуа

Қытай Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында (ГЧАА) болған табиғи апаттарға байланысты 36 мыңнан астам қосымша төтенше жағдайға арналған көмек құралын бөлді. Бұл туралы сейсенбі күні ҚХР Төтенше жағдайларды басқару министрлігі хабарлады.

Бөлінген көмек құрамына тоқылған қаптар мен резеңке қайықтар кіреді. Бұл құралдар Қытайдың Су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік штабы және Мемлекеттік азық-түлік және материалдық резервтер басқармасы тарапынан бірлесіп жіберілді.

Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жедел қамтамасыз ету тетігі аясында ГЧАА-ға азық-түлік, жарықтандыру жабдықтары, жаңбыр плащтары, су өткізбейтін аяқ киімдер мен ылғалға төзімді төсеніштерді қоса алғанда тағы 40 мыңға жуық көмек құралы жеткізілді. Бұған дейін орталық табиғи апаттар қорынан бөлінген 160 мың көмек құралы да зардап шеккен аудандарға жеткізілген.

Қытайдың Су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік штабы ГЧАА-дағы су тасқынына байланысты төтенше жағдай режимінің 2-деңгейін ұзартты. Табиғи апаттардың салдарын болдырмау және азайту жөніндегі мемлекеттік комитет 4-деңгейдегі төтенше жағдай режимін, ал ҚХР Төтенше жағдайларды басқару министрлігі геологиялық сипаттағы ықтимал апаттарға байланысты 3-деңгейдегі ұлттық төтенше жағдай режимін ұзартты.

Қытайда төтенше жағдайларға ден қоюдың төрт деңгейлі жүйесі қолданылады. Оның ішінде 1-деңгей — ең жоғары қауіп деңгейі болып саналады.

Сейсенбі кешіндегі мәлімет бойынша, нөсер жауын салдарынан болған су тасқынынан Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында 6 адам қаза тауып, 11 адам із-түзсіз жоғалған.

Айта кетейік, «Майсак» тайфунынан туындаған нөсер жаңбыр Гуанси-Чжуан автономиялық ауданындағы 375 мың тұрғынға әсер еткен. Зардап шеккен өңірлерден 130 мың адам эвакуацияланды.