Қытай тауарларына 50% қосымша баж салығы енгізіледі — Трамп
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Президенті Дональд Трамп Қытай АҚШ тауарларына салынған 34% баж салығын алып тастамаса, 9 сәуірден бастап Қытайдан әкелінетін өнімдерге 50% қосымша баж салығын енгізетінін мәлімдеді.

Бұл туралы Lianhe Zaobao басылымы хабарлады.
— Егер Қытай 8 сәуірге дейін 34% баж салығын алып тастамаса, онда АҚШ 9 сәуірден бастап Қытай тауарларына 50% қосымша баж салығын енгізеді, — деп жазды Трамп 7 сәуір күні Truth Social әлеуметтік желісінде.
Ол сондай-ақ Қытай тарапының АҚШ-пен келіссөз жүргізуді өтінуіне байланысты кездесулердің толықтай тоқтатылатынын мәлімдеді.
Ақпан айынан бері АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысы ушығып келеді. Трамп әкімшілігі 4 ақпанда Қытайдан әкелінетін барлық тауарға 10% баж салығын енгізді, 4 наурызда бұл мөлшерлемені 20%-ға дейін көтерді. Ал соңғы рет 9 сәуірден бастап тағы да қосымша 34% баж салығы енгізілетіні белгілі болды. Егер бұған Трамп билікке келгенге дейін қолданылған 13% орташа баж салығын қосар болсақ, Қытайдан АҚШ-қа экспортталатын өнімдерге салынатын баж салығының жалпы мөлшерлемесі 67%-ға жетеді.
Бұған қарымта ретінде Қытай 10 ақпаннан бастап АҚШ-тан әкелінетін көмір және сұйытылған газға 15%, шикі мұнай, ауылшаруашылық техникасы, үлкен литражды автокөліктер мен пикаптарға 10% баж салығын сала бастады. Ал 10 наурыздан бастап АҚШ-тан импортталатын тауық еті, жүгері және мақта секілді өнімдерге 10%-15% аралығында қосымша баж салығын енгізді. Жоспарға сәйкес, 10 сәуірден бастап АҚШ-тан әкелінетін барлық тауарға 34% қосымша баж салығы енгізілуге тиіс.
Бұдан тыс, Қытай тарифтік емес шараларды да қолға алды. Мысалы, Google, NVIDIA және Қытайда жұмыс істейтін жекелеген америкалық компанияларға монополияға қарсы тексеру жүргізу, бірқатар америкалық кәсіпорынды экспорттан шеттету және «сенімсіз субъектілер тізіміне» енгізу, т. б. Сонымен қатар Қытай АҚШ-тан ағаш және ауылшаруашылық өнімдерінің кей түрін импорттауға лицензия беруді тоқтатты және сирек жер металдары секілді стратегиялық ресурстардың экспортына шектеу қойды.