Қытай Венесуэлаға шұғыл гуманитарлық көмек көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай үкіметі мен Қытайдың Қызыл Крест қоғамы Венесуэлаға шұғыл гуманитарлық көмек көрсетеді, деп хабарлайды Синьхуа.

о
Фото: Берік Табынбаев / Kazinform

Бұл туралы жұма күні өткен баспасөз мәслихатында Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь мәлімдеді. 

Соңғы мәліметтерге сәйкес, сәрсенбі күні Венесуэлада болған екі жойқын жер сілкінісі салдарынан кемінде 920 адам қаза тауып, жүздеген адам үйінді астында қалған.

Го Цзякуньнің айтуынша, жер сілкіністері көптеген адамның өмірін қиып, ауқымды материалдық шығынға әкелді. Осыған байланысты Қытай үкіметі Венесуэла үкіметі мен халқына көңіл айтты. Оның сөзінше, Венесуэла билігі Қытайға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірген.

Қытай тарапы жағдайдың даму барысына қарай Венесуэлаға қосымша көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Расталған мәліметтерге сәйкес, жер сілкінісі салдарынан әзірге Қытайдың екі азаматы қаза тапқан. Ресми өкілдің айтуынша, Қытайдың Венесуэладағы елшілігі елдегі Қытай азаматтарының қауіпсіздік жағдайын анықтау үшін бар күшін салып жатыр және оларға қажетті көмекті көрсету жұмыстарын жалғастырады.

Сондай-ақ Го Цзякунь Венесуэлада жүрген Қытай азаматтарын жер сілкінісінен кейін туындауы мүмкін қайталама апаттарға байланысты сақ болуға шақырды.

Бұған дейін хабарланғандай, Біріккен ұлттар ұйымы Венесуэлаға көмек көрсету үшін халықаралық қауымдастықты бұрын-соңды болмаған деңгейде жұмылуға үндеді.