Қытай Ярлун-Цаңпо өзенінің бойынан әлемдегі ең үлкен бөген тұрғызбақ
БЕЙЖІҢ. KAZINFORM — Қытай Үкіметі Ярлун-Цаңпо өзенінің төменгі ағысына су электр станциясын салу жобасын бекітті. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады.
Қытайлық ресми агенттіктің хабарлауынша, Ярлун-Цаңпо өзенінің төменгі ағысынан бой көтеретін гидроэнергетикалық нысан дамудың жаңа үлгісін жедел қалыптастырып, жоғары сапалы өсімді алға жылжытуда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, төмен көміртекті дамуды ілгерілетуге бағытталған жасыл жоба ретінде, ол жаһандық климаттың өзгеруіне қарсы шаралар қабылдауда үлкен маңызға ие. Жоба Ярлун-Цаңпо өзенінің мол гидроэнергетикалық ресурстарын пайдалана отырып, аймақта күн және жел энергиясын дамытуды мақсат етеді.
Агенттік мәлім еткендей, су, жел және күн энергиясын біріктірген таза энергия базасын құру Қытай үшін жасыл және төмен көміртекті дамуға көшуді жеделдетуге бағытталған маңызды қадам саналады.
Алайда сингапурлық «Lianhe Zaobao» басылымы атап өткендей, әлемдегі ең ірі бөген тұрғызуға бағытталған осы өршіл жоба Қытай мен Үндістан арасындағы шекаралық даудың жаңа кезеңіне жол ашуы мүмкін.
— Су электр станциясының құрылысы кемінде 10 жылға созылады деп күтілуде, жалпы инвестиция көлемі 10 триллион юаньнан (шамамен 700 трлн теңге) асуы мүмкін. Жобаның шығын көлемі 254,2 миллиард юаньға салынған Үш қысаң бөгетінің құнынан әлдеқайда жоғары, ол әлемдегі ең қымбат инфрақұрылым жобасы болмақ. Өткен жылы Қытайдың энергетика құрылымында су энергиясының үлесі шамамен 14%-ды құраған. Алайда, жаһандық жылынудың салдарынан құрғақшылық кезеңінің ұзаруы гидроэнергия өндірісінің айтарлықтай қысқаруына себеп болды. Сөйтіп, Сычуань және Юньнань сияқты су ресурстарына бай провинциялардың өзінде электр тапшылығын туындады. Қазірге дейін Қытай Ярлун-Цаңпо өзенінің бойынан шамамен 12 шағын және орта су электр станциясын салып үлгерді, — деп жазады «Lianhe Zaobao» басылымы.
Сингапурлық басылымы атағандай, Ярлун-Цаңпо Үндістан мен Бангладеш үшін айрықша маңызы бар тұщы су көзі. Дария Қытай шекарасынан шығып, Үндістанның Аруначал-Прадеш штаты және Бангладеш арқылы теңізге құяды. Қытай Аруначал-Прадеш жерін Оңтүстік Тибет аймағының бір бөлігі деп санайды.
Үндістан мен Бангладеш аталмыш жоба өзеннің ағысы мен арнасына жағымсыз әсер етіп, аймақтағы су тапшылығын үдете түсуі мүмкін деп алаңдайды. Басылымның пікірінше, жоба Бейжіңнің саяси шиеленіс кезінде қарсыласына қысым көрсету құралына айналып, сабасына түсе бастаған қытай-үнді шекаралық жанжалының қайта өршуіне түрткі болуы мүмкін.
Бұған жауап ретінде Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин кезекті баспасөз мәслихаттарының бірінде Ярлун-Цаңпо өзенінің төменгі ағысына салынатын су электр станциясының жобасы ондаған жылдарға жалғасқан тыңғылықты зерттеулердің нәтижесінде әзірленгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жобада инженерлік қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау бойынша барлық қажетті шара қарастырылған, жоба өзеннің төменгі алабындағы елдерге теріс салдар әкелмейді.
— Қытай тиісті елдермен ақпараттық ауыс-түйісті жалғастырады, сондай-ақ Ярлун-Цаңпо алабындағы тұрғындардың игілігі үшін апаттың алдын алу және оның салдарын азайту бағытындағы ынтымақтастықты нығайтады, — деді Мао Нин.
Еске салсақ, осыған дейін Қытайда жасанды интеллектіні стандарттау жөніндегі техникалық комитет құрылғанын жаздық.