Қытайда $27,7 млн пара алған экс-шенеунік өлім жазасына кесілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Лу Кэхуаға өлім жазасы кесілді. Бұрын Чунцин партия комитетінің саяси-құқықтық комиссиясының хатшысы қызметін атқарған экс-шенеунікке үкім екі жылға кейінге қалдыру шартымен шығарылды. Бұл туралы CCTV жазды.

өлім жазасы, сот, сот үкімі, үкім
Фото: Shutterstock/FOTODOM/ Валерий Евлаков

Сот мәліметінше, Лу Кэхуа 1997 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта қызметтік өкілетін жүйелі түрде пайдаланып, заңсыз табыс тауып келген. Ол әр кезеңде маңызды лауазымдарды, соның ішінде Чунцин қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Бұл оған қызметтік мүмкіндіктерін асыра пайдалануға жол ашқан.

– Сычуань провинциясындағы Лучжоу қаласының орта деңгейлі халық соты үкімді жария түрде оқыды. Сотталушы аса ірі көлемде пара алды деп танылды. Оған екі жылға шегерілген өлім жазасымен қатар өмір бойына саяси құқықтарынан айыру және жеке мүлкін толық тәркілеу жазасы тағайындалды, – деп хабарлады Қытайдың Орталық телеарнасы — CCTV.

Хабарламада Лу Кэхуаның өз кінәсін толық мойындап, тергеумен белсенді ынтымақтастық орнатқаны атап өтілген. Дәл осы жағдай өлім жазасын кейінге қалдыруға негіз болған. Қытайдың құқықтық жүйесінде мұндай кейінге қалдыру көбіне сотталушы тәртібін жақсы ұстаса, жазаны өмір бойғы түрме жазасына ауыстыруға мүмкіндік береді.

Шенеуніктің заңсыз жолмен алған қаражатының жалпы көлемі 189 миллион юаньды (шамамен 27,7 миллион АҚШ доллары) құраған. Бұл қаражаттың барлығы мемлекет кірісіне тәркіленеді.

Лу Кэхуа ісі Қытайдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың күшейіп келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2026 жылдың қаңтарында жемқорлықпен күрес әлі де күрделі әрі шиеленісті күйде қалып отырғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, «жемқорлықтың ошақтары мен оған жағдай жасайтын факторларды» түбегейлі жою әлі қиын болып отыр.

Бұған дейін Қытайдың әскери соты бұрынғы қорғаныс министрлері Вэй Фэнхэ мен Ли Шанфуне үкім шығарған. Экс-шенеуніктер пара алу және пара беру ісі бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға кейінге қалдырылған өлім жазасына кесілді. Сонымен қатар Ли Шанфу мен Вэй Фэнхэ өмір бойына саяси құқықтарынан айырылып, барлық жеке мүлкі тәркіленеді. Егер екі жылдық мерзім өткен соң үкім орындалмаса, жаза өмір бойғы бас бостандығынан айырумен алмастырылады. Бұл ретте мерзімінен бұрын босату немесе жазаны жеңілдету мәселесі қарастырылмайды.