Қытайда 60 жастан асқан тұрғындар саны 323 миллионнан асты
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, Қытайда 60 жастан асқан тұрғындар саны 323,38 миллион адамға жетіп, ел халқының 23 пайызын құрады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі China Daily басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Бұл деректер Қытайдың Азаматтық істер министрлігі мен Қартаю мәселелері жөніндегі ұлттық комитеті әзірлеген 2025 жылғы қарттарға көмек көрсету жүйесінің дамуы туралы ұлттық баяндамада келтірілген.
Құжатқа сәйкес, 2025 жылдың соңында 65 жастан асқан тұрғындар саны 223,65 миллион адамға жеткен. Бұл ел халқының 15,9 пайызын құрайды. Сонымен қатар қарттарға қатысты демографиялық жүктеме коэффициенті 23,1 пайызға дейін өскен.
Бұл көрсеткіш еңбекке қабілетті әрбір 100 азаматқа шамамен 23 қарт адамнан келетінін білдіреді. Соның салдарынан Қытайдың әлеуметтік қамсыздандыру және зейнетақы жүйесіне түсетін жүктеме артып келеді.
Баяндамада сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіндегі жетістіктердің арқасында Қытайдағы орташа өмір сүру ұзақтығы 79,25 жасқа дейін артқаны атап өтілген.
Бұған дейін Қытай билігі ел тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін ұлғайтуды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.