Қытайда 8 мың метрлік ұңғыманы бұрғылау аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Такламакан шөлінің солтүстігінде тереңдігі 8345 метрге жеткен «Чжэньтань-1» ұңғымасын бұрғылауды аяқтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі CGTN арнасына сілтеме жасап.
Бұл — осы қытайлық қондырғымен бұрғыланған екінші аса терең ұңғыма. Қондырғының өзі 12 000 метрге дейін ұңғыма бұрғылауға арналған.
Ұңғыма солтүстік-батыс Тарим бассейнінде тереңде жатқан мұнай-газ кеніштерін бағалауға арналған.
Қондырғы 82 метрлік болат мұнарамен, 6000 ат күші бар бұрғылау шығырымен жабдықталған, 900 тонна көтере алады. Басқару жүйесі бұрғылау жұмыстарын автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Қытай өзінің бұрғылау қондырғысын жасағаннан кейін 10 000 метрден терең ұңғымаларды бұрғылауға арналған импорттық жабдықтарға тәуелділіктен арылды.
Бұған дейін Қытайдың «Мэнсян» мұхиттық бұрғылау кемесі Оңтүстік Қытай теңізінде шамамен 5 мың метр тереңдікке дейін бұрғылап, елдің ұлттық рекордын жаңартқан.
Қытайда теңіз астындағы ең ұзын автожол туннелін қазу аяқталды.