Қытайда әлемдегі ең ірі мұз паркі ауа райының әсерінен уақытынан бұрын жабылды

АСТАНА. KAZINFORM — Харбинде ірі мұз паркі күннің жылынуы салдарынан уақытынан бұрын жабылуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Синьхуа.

Қытайда әлемдегі ең ірі мұз паркі ауа райының әсерінен уақытынан бұрын жабылды
Фото: Синьхуа

Қытайдың Солтүстік-Шығысындағы Хэйлунцзян провинциясының Харбин қаласында орналасқан әлемдегі ең ірі «Үлкен мұз бен қар әлемі» паркі сенбі күні ауа температурасының көтерілуіне байланысты жабылды. Жылудың әсерінен мұз бен қардан жасалған көріністер еріп кеткен.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, 27-ші фестиваль қауіпсіздікті қамтамасыз ету және келушілерге жоғары сапалы қызмет көрсету мақсатында мерзімінен ерте жабылған.

Билеттерін сатып алған келушілер төлемді толық қайтару үшін билет сатып алынған арна арқылы өтініш бере алады. Ал 2026 жылғы 20–28 ақпан аралығына билеті бар адамдар келесі жолы парк ашылғанда жеке куәлігін көрсетіп тегін кіре алады.

Сырттағы мұз бен қар фестиваль аймағы қыс мезгілімен қоштасып жатқанда, жексенбі күні түсте Харбинде «Үлкен мұз бен қар әлемі» арена алаңында орналасқан әлемдегі ең ірі жабық мұз бен қар паркі ашылды.

Харбиндегі «Үлкен мұз бен қар әлемі» паркі Қытайдағы қыс мезгіліндегі басты туристік көрікті орындардың бірі ретінде танымал.

Қытай Мемлекеттік кеңесінің нұсқауларына сәйкес, ел мұз бен қар саласын жаңа экономикалық өсу көзі ретінде дамытуды жоспарлап отыр. 2027 жылға дейін осы сектордың көлемі 1,2 трлн юаньға (шамамен 174 млрд АҚШ доллары), ал 2030 жылға дейін 1,5 трлн юаньға жетуі көзделіп отыр.

Еске салсақ, былтыр Қытайдың Харбин қаласында 7 ақпаннан 14 ақпан аралығында қысқы Азия ойындары өтті. Осы уақыт аралығында Харбиннен ақпарат таратқан Kazinform тілшісі Ақ Азиада кезіндегі Харбин қаласынан фоторепортаж ұсынған еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум