Қытайда бензин мен дизель отынының бөлшек бағасы төмендетіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда 22 сәуірден бастап бензин мен дизель отынының бағасы төмендетіледі. Бұл туралы ҚХР Мемлекеттік даму және реформалар комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі. 

Қытайда бензин мен дизель отынының бөлшек бағасы төмендетіледі
Фото: Берик Табынбаев/Kazinform

Соңғы уақытта әлемдік мұнай бағасының өзгеруіне байланысты стандартты сападағы бензин мен дизель отынының ішкі бағасы тиісінше тоннасына 555 юань ($81,6) және 530 юань ($77,9) көлемінде төмендейді.

CNPC, Sinopec, CNOOC корпорацияларына және басқа да мұнай өңдеу кәсіпорындарына нарықты тұрақты қамтамасыз ету үшін мұнай өнімдерін өндіру мен тасымалдауды тиісті деңгейде ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік баға саясатын қатаң сақтау тапсырылды.

Өңірлердегі бейінді ведомстволарға белгіленген тарифтердің сақталуын күшейтіп бақылау, баға заңнамасын бұзудың кез келген түрін жедел тоқтату және нарықтағы тәртіпті қамтамасыз ету міндеті жүктелді.

Қытайда қолданыстағы баға қалыптастыру тетігіне сәйкес, егер 10 жұмыс күні ішінде әлемдік мұнай бағасының өзгеруі мұнай өнімдерінің тоннасына 50 юаньнан астам ауытқуға әкелсе, ішкі жанармай бағасы қайта қаралады.

Бұған дейін Қытай бензин мен дизельдің бөлшек бағасын бақылауды жалғастыратыны туралы жазған едік