Қытайда бюрократиямен күресу үшін жаңа регламент енгізілді

Қытайда мемлекеттік басқарудың төменгі деңгейлеріндегі бюрократиялық жүктемені азайтуға бағытталған жаңа ережелер жарияланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Қытайда бюрократиямен күресу үшін жаңа регламент енгізілді
Фото: Синьхуа

ҚКП Орталық Комитеті мен ҚХР Мемлекеттік кеңесі дайындаған құжатта жиналыстар санын, құжат көлемін және жергілікті тексерістерді азайту қарастырылған. Шенеуніктерге қысқа, мазмұнды материалдар әзірлеу және формализмнен аулақ болу тапсырылды.

Жаңа регламентке сәйкес, жыл сайын шығарылатын құжаттардың саны қысқаруы тиіс. Өткен жылғы лимиттен асқан ведомстволар жазбаша түсініктеме беруге міндетті. Көптеген құжаттардың көлемі 4–5 мың иероглифпен шектеледі.

Ауқымды жиналыстар жылына бір реттен артық өткізілмеуі керек, ал ведомстволық кездесулер мүмкіндігінше біріктірілуі тиіс. Басшылардың баяндамалары бір сағаттан аспауы тиіс. Артықшылық аудио немесе бейне байланыс арқылы қашықтан өткізуге беріледі.

Ережеде мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған мобильді қосымшаларды әзірлеу мен пайдалану тәртібі де нақты жазылған. Әрбір ведомство тек бір қосымша ғана иемдене алады, ол міндетті түрде келісім рәсімінен өтуі керек. Мұндай қосымшаларды мәжбүрлі түрде орнатуға немесе жүйеге кіру жиілігіне қарай қызметкерлердің жұмысын бағалауға тыйым салынады.

Сондай-ақ, құжатта жергілікті деңгейдегі жұмыстың тиімділігі азаматтардан келіп түсетін шағымдар санына ғана қарап бағаланбауы тиіс деп нақты айтылған.

Бұған дейін Қытайда шенеуніктерге қымбат тағам мен алкоголь пайдалануға тыйым салынғаны туралы хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар