Қытайда кәсібін дамытқан қазақ қызы Қазақстанда бизнес ашпақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдағы қазақтар ұлттық киімнен ажырамаған. Бұл туралы аспанасты елінде өз брендін қалыптастырған қазақ қызы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында айтты.
Кәсіпкер Бұлбұл Тілеуқабылқызы бүгінде бірнеше бағытты қатар дамытып отыр. Оның бизнесі косметика өндірісі мен сән индустриясын қамтиды.
— Косметика шығарумен айналысып жүрмін. Қосымша ұлттық киімдерге тапсырыс қабылдаймын. Тігіншілеріммен бірге ешкімде жоқ стильдерді қамтимыз. Көбіне бір данадан ғана тігеміз. Қытайдағы қазақтар жаппай сатып алады. Мереке-жиын, тойларда үстінен тастамайды, — деді ол.
Кәсіпкердің сөзінше, әрбір бұйымда ұлттық мән мен мазмұн сақталуы тиіс. Сондықтан ою-өрнектерге ерекше назар аударылады.
— Ою-өрнек, қошқар мүйіз, арқалы өрнекке мән береміз. Көбіне жағалы киімдерге, бас киімдерге қолданамыз. Брендтің атауы — «Аяулым». Оны тұңғыш қызымның есімімен байланыстырдым, — деді спикер.
Оның айтуынша, бизнестің дамуы бәсекелестікпен тікелей байланысты. Қазір Қытай нарығында ұлттық киімдерге сұраныс жоғары, бұл кәсіпті кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.
— Қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс нығайып келеді. Сондықтан алдағы уақытта Қазақстанда да кәсібімді дамытуды жоспарлап отырмын, — деді кәсіпкер.
Бұлбұл Тілеуқабылқызы алдағы жоспарының ауқымды екенін жасырмады. Оның мақсаты — «Аяулым» брендін халықаралық деңгейге шығару және Қазақстанда өндірісті дамытуға инвестиция салу.
Бұған дейін қытайлық танымал блогер Маңғыстауға қайта келгенін жазған едік.