Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қытайда құрамында германий мөлшері жоғары жаңа минерал табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай ғалымдары құрамындағы германий оксидінің орташа мөлшері 72 пайызға жететін жаңа минерал тапты. Ол Қытайда анықталған әрі Халықаралық минералогиялық қауымдастық ресми түрде мойындаған алғашқы дербес германат минералы болды, деп хабарлайды БелТА.

Қытайда құрамында германий мөлшері жоғары жаңа минерал табылды
Фото: istockphoto

Жаңалықтың басты ерекшелігі — германийдің минерал құрамында дербес түрде кездесуі. Табиғатта мұндай металл сирек кездеседі және әдетте қорғасын-мырыш кендері мен көмір кен орындарында ілеспе элемент ретінде болады.

Германий — стратегиялық маңызы бар сирек металл. Ол жартылай өткізгіштер, талшықты-оптикалық жүйелер, инфрақызыл оптика, күн элементтері және басқа да жоғары технологиялық өнімдер өндірісінде қолданылады.

Жаңа минералды Чанъань университетінің мамандары Қытай ғылым академиясының Гуанчжоу геохимия институты, Геохимия институты және басқа да ғылыми ұйымдардың зерттеушілерімен бірлесіп анықтаған. Ғалымдар 2023 жылдан бастап Қытайдың Сычуань провинциясындағы Усыхэ қорғасын-мырыш кен орнында жүйелі минералогиялық зерттеулер жүргізген.

2026 жылғы тамызда жаңа минерал Халықаралық минералогиялық қауымдастықтың Жаңа минералдар, номенклатура және жіктеу жөніндегі комиссиясы тарапынан ресми түрде мақұлданды.

Бұған дейін Ботсванада салмағы 1305 карат болатын сирек алмас табылды.