Қытайда Мьянмадан экстрадицияланған 11 мыңнан аса телефон алаяғы тергеуге алынды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚХР Жоғарғы халық прокуратурасы трансшекаралық кибералаяқтықпен күрес жөніндегі ауқымды арнайы операцияның қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
2025 жылдың 11 айында Мьянманың солтүстік өңірлерінен экстрадицияланған 11 мыңнан астам азаматқа айып тағылды.
Ведомство мәліметінше, мақсатты операциялар аясында заңда белгіленген тәртіппен 4300-ден астам негізгі күдіктіге қамауға алу санкциясы берілген. Ауқымды іс Мин, Бай, Вэй және Лю кландарына қатысы бар ірі қылмыстық синдикаттардың қызметін қамтыды.
Қазіргі уақытта Мин және Бай топтарына қатысты істер бойынша сот үкімдері шығарылды. 16 адам дереу орындалатын өлім жазасына кесілді, тағы 7 адамға екі жылға кейінге қалдырылған өлім жазасы тағайындалды, ал 16 сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Сот процесін құқықтық тұрғыдан сүйемелдеуді Чжэцзян, Гуандун және Фуцзянь провинцияларының прокурорлары ҚХР Жоғарғы халық прокуратурасының тікелей бақылауы мен басшылығы аясында қамтамасыз етті.
Бұған дейін Қытайда трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың төрт басшысы өлім жазасына кесілгені хабарланған еді.