Қытайда «Ноул» тайфунына байланысты ең жоғары қауіп деңгейі жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай билігі «Ноул» тайфунының жақындауына байланысты қызыл деңгейдегі ескерту жариялады, деп хабарлайды Синьхуа.
Синоптиктердің болжамынша, табиғи апат оңтүстіктегі Гуандун провинциясының жағалауына жетіп, одан әрі күшейе түседі.
Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығының мәліметінше, «Ноул» — биылғы маусымдағы 12-тайфун.
Сенбі күні кешке тайфунның орталығы Хуэйчжоу қаласының Хуэйдун уезінен оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 100 шақырым жерде болған. Оның орталығына жақын аймақта желдің жылдамдығы 14 балға жеткен.
Синоптиктер циклон солтүстік-батыс бағытта сағатына шамамен 20 шақырым жылдамдықпен қозғалып, күшін арттыра беретінін болжады. Құрлыққа шыққаннан кейін тайфун бағытын солтүстік-солтүстік-батысқа өзгертіп, біртіндеп баяулай бастайды.
Тайфун қаупіне байланысты Мемлекеттік су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы күрес штабы Гуандун провинциясында су тасқыны мен тайфундарға байланысты төтенше жағдайға дайындық деңгейін үшінші деңгейге көтерді. Ал Цзянси және Хунань провинцияларында ықтимал су тасқынына байланысты төртінші деңгейлі дайындық енгізілді.
Қытайда тайфунға қатысты ескертудің 4 деңгейлі жүйесі қолданылады. Қызыл деңгей — қауіптің ең жоғары дәрежесін білдіреді. Одан кейін қауіп деңгейіне қарай қызғылт сары, сары және көк сигналдар белгіленеді.
Айта кетейік, Қытай тайфун мен су тасқынының салдарын жоюға 430 миллион юань бөлді.