Қытайда отандық жүйемен жабдықталған компьютер шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Отандық HarmonyOS операциялық жүйесімен жасақталған «Хунмэн» компьютерінің таныстырылымы 8 сәуір күні Шэньчжэнь қаласында өтті. 

Қытайда отандық жүйемен жабдықталған компьютер шығарылды
Фото: sina.cn

Lianhe Zaobao басылымының жазуынша, бұл — Қытайдың отандық операциялық жүйені жеке компьютер өндірісіне қолдану бойынша қол жеткізген маңызды жетістігі.

Белгілі болғандай, «Хунмэн» компьютерін шығаруға Huawei компаниясы бес жыл бойы дайындалды. Жобаға он мыңнан астам инженер, 20-дан астам ғылыми-зерттеу институты жұмылдырылған, 2700-ден астам патент алынып, операциялық жүйе түбегейлі қайта жасалған.

Ресми дерек бойынша, HarmonyOS — «барлық сценарийге арналған» смарт операциялық жүйе. Ұсынылып отырған «Хунмэн» компьютері 19 мамырда сатылымға шығады. Бұған дейінгі Huawei компьютерлерінен ерекшелігі — жаңа құрылғы Linux үстелдік жүйесіне емес, толығымен Harmony ядросына негізделген.

Сонымен қатар, жаңа компьютерге жасанды интеллект (AI) пен интеллектуалды өзара әрекет функциялары енгізілген. Қазіргі уақытта 300-ден астам экожүйелік қосымша HarmonyOS жүйесіне бейімделіп үлгерді, ал жыл соңына дейін бұл сан 2000-нан асып жығылуы мүмкін.

HarmonyOS жүйесі алғаш рет 2021 жылы смартфондарға орнатылған болатын.

Алайда, Huawei интернет-дүкенінің тұтынушыларға қызмет көрсету орталығының мәліметінше, ескі үлгідегі және қазіргі кезде сатылымда бар Huawei ноутбуктері, үстелдік және моноблок компьютерлері «Хунмэн» құрылғысында қолданылатын HarmonyOS 5 нұсқасын орнатуға немесе жаңартуға жарамайды.

Бұған дейін Huawei серіктестерінің 2025 жылғы конференциясы Алматыда өткені туралы хабаолаған едік. 

Соңғы жаңалықтар