Қытайда пиротехникалық бұйымдар дүкенінде жарылыс болып, 12 адам көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Жергілікті уақыт бойынша 18 ақпан күні 14:00 шамасында Қытайдың Хубэй провинциясының Сянъян қалалық округіне қарасты Ичэн уезінің Чжэнцзи кентіндегі пиротехникалық өнімдер сататын дүкендердің бірінде жарылыс болды, деп хабарлайды Синьхуа.

Қытайда пиротехникалық бұйымдар дүкенінде жарылыс болып, 12 адам көз жұмды
Фото: Синьхуа

Алдын ала болжам бойынша, оқиға салдарынан 12 адам қаза тапқан.

Агенттіктің жазуынша, оқиғадан кейін Қытайдың Төтенше жағдайлар министрлігі құтқару жұмыстарын ғылыми негізде ұйымдастыру, жараланғандарға жедел медициналық көмек көрсету, адам шығынын мүмкіндігінше азайту туралы тапсырма берген.

Қытай Мемлекеттік кеңесінің жанындағы Өндірістік қауіпсіздік комитеті мен Төтенше жағдайлар министрлігінің оқиға орнына арнайы жұмыс тобын жібергені белгілі болды. Ақпаратқа сәйкес, жұмыс тобы құтқару шараларын үйлестіру және апаттың себебін анықтау жұмысын бақылауға алмақ. 

NetEase сайтының мәліметінше, әлеуметтік желіде тарап жүрген бейнежазбадан белгілі болғандай, жарылыс төрт қабатты ғимараттың бірінші қабатындағы дүкенде болған.

Жарылыстан кейін қызыл жалын жылдам өршіп, оқиға орнын қою қара түтін басқан, жедел жәрдем көлігі мен өрт сөндіру техникалары жарылыс болған аумаққа суыт жеткен.

Бейнежазбадан сондай-ақ полиция қызметкерлерінің дүкен маңын оқшаулап, көлік қозғалысына шектеу қойып, құтқарушыларға жол ашып жатқаны байқалады. 

Бүгінгі күнде Қытай жұртшылығы дәстүрлі жаңа жыл — Көктем мерекесін тойлап жатыр. Осыған байланысты отшашуды пайдалану ережелерін сақтамаудан туындайтын оқыс оқиғалар көбейген. 15 ақпан күні Ляньюньган қаласының Дунхай уезінің Дунъань ауылындағы пиротехникалық бұйымдар дүкенінде де жарылыс болып, салдарынан 8 адам көз жұмған, 2 адам жарақат алған болатын.

Тергеуден анықталғандай, Ляньюньгандағы жарылысқа сатып алушының отшашуды дүкен алдында сынақтан өткізуі себеп болған. Жерге шаншылған отшашу желдің әсерінен қисайып, шашыраған ұшқын дүкендегі тауарға келіп түскен, оның соңы тізбекті жарылысқа ұласқан. 

Бұған дейін қытайлықтардың көктем мерекесін тойлап жатқаны туралы жазып едік. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум