Қытайда роботты енді роботтар құрастырады
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайлық робот техникасын өндіруші UBTECH Robotics компаниясы Лючжоу қаласында өнеркәсіпке арналған гуманоид роботтар шығаратын автоматтандырылған зауытты іске қосты. Кәсіпорын жылына 10 мың робот өндіруге қауқарлы. Бұл туралы Бейжіңдегі Kazinform тілшісі жергілікті билікке сілтеме жасап хабарлайды.
Қытайдың Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында орналасқан зауыт «роботтар роботтарды өндіреді» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Бұл – өнеркәсіпке арналған адамға ұқсас роботтар шығаратын әлемдегі ең алғашқы ірі нысан.
Жобаның технологиялық серіктесі – Siemens компаниясының бөлімшесі. Неміс концерні өндірісті басқаруға арналған цифрлық платформаны әзірлеуге көмектесті. Ол жеткізу тізбегін үйлестіріп, бөлшектерді дәл құрастырады және өндірістегі жедел логистиканы басқарады.
Конвейердің өндірістік қуаты 10 минут сайын бір робот шығаруға мүмкіндік береді. Зауытта Walker S сериялы өнеркәсіптік және Cruzr сервистік роботтары шығарылады.
Бұл өнім Лючжоудың жергілікті өндірісі мен ауыр машина жасау саласын жаңғыртуға бағытталған. Сонымен қатар тауар Қытайдың ішкі нарығына және АСЕАН елдеріне экспортталады.
Бұған дейін Қытайда роботтар басқа роботтарға арналған бөлшектер шығара бастағаны хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина