Қытайда судағы құтқару жұмыстарына арналған өрмекші робот жасалды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдағы Шэньчжэнь жасанды интеллект және қоғамға арналған робототехника институты мен АҚШ-тағы Стивенс технологиялық институтының зерттеушілері судағы құтқару жұмыстарына арналған робот аппаратын жасады, деп хабарлайды БЕЛТА.
Құрылғы сыртқы пішіні жағынан өрмекшіге ұқсайды. Оның негізгі міндеті – суда апатқа ұшыраған адамдарды іздеу.
Ғалымдар бұл құрылғыны ұзын аяқтарының арқасында дене салмағын біркелкі бөліп, судың беткі керілу күшін пайдаланып тоғандар, көлдер, баяу ағатын өзендер және басқа да су айдындарының бетімен қозғала алатын өрмекші-аңшыдан шабыт алып жасаған.
Жаңа робот та төрт аяқпен жабдықталған. Оның қозғалысын роботты бағыттап, су бетінде тепе-теңдігін сақтайтын алгоритмдер басқарады.
Құрылғы бассейнде жүргізілген бірқатар сынақтан өтті. Ғалымдар оның жоспарланған қозғалыстарды орындау, алдын ала белгіленген бағытпен жүру, су бетінде қалқып жүрген нысандарды анықтау және оларды алып шығу қабілетін бағалады.
Сынақ нәтижесінде робот жоғары маневрлігін, қозғалыс дәлдігін және жабық әрі ашық кеңістіктегі құтқару жұмыстарын тиімді орындай алатынын көрсетті.
Айта кетейік, Қытай адамтектес робот шығарудан көш бастап тұрғанан жаздық.
Ал Астанада алғаш рет аэротакси сынақтан өтті.