Қытайда «ұшатын көліктер» соқтығысты: қауіпсіздік мәселесі күшейтілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2025 жылғы 16 қыркүйекте Қытайдың Чанчунь қаласындағы төртінші халықаралық авиация және аэроғарыш көрмесінің дайындық кезеңінде XPeng AeroHT компаниясының екі eVTOL ұшатын көлігі соқтығысып, апатқа ұшырады. Бұл туралы Sina Finance сайты хабарлады.

дрон
Фото: finance.sina

Апат екі аппараттың жаттығу кезінде бір-біріне жақын ұшуынан болды. Бір аппарат жерге қалыпты жағдайда қонса, екіншісі зақымданып, өртенді. Бір жолаушы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, оның жағдайы тұрақты. Жердегі адамдар зардап шеккен жоқ.

дрон
Фото: finance.sina

Апатқа ұшыраған ұшатын аппараттар – XPeng AeroHT шығарған eVTOL, қаладағы әуе қозғалысына арналған, 2-4 жолаушы тасымалдайды, ұшу ұзақтығы 30-60 минут. Нақты моделі анықталмады, бірақ «Жолаушы X3» болуы мүмкін. Компания апат себептерін тексеріп, ұшу басқаруы мен арақашықтық мәселелеріне назар аударуда.

XPeng AeroHT қауіпсіздік шараларын күшейтетінін мәлімдеді. Апат төмен биіктіктегі экономика саласындағы қауіпсіздік стандарттарын жетілдіру қажеттігін көрсетті.

дрон
Фото: finance.sina

Компанияның ресми сайтына сәйкес, XPeng AeroHT – Азиядағы ең ірі ұшатын автокөлік компаниясы және XPeng Motors экожүйесінің бөлігі.

Осыған дейін гуманоид роботтардың болашақта адамдарды алмастыратыны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар