Қытайда жүк кемесі өртеніп, 25 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM –10 қыркүйек күні сағат 11:15 шамасында Қытайдың Шаньдун провинциясының Циндао қаласындағы Бэйхай кеме жасау компаниясында жөндеуден өтіп жатқан шетелдік жүк кемесінен өрт шығып, 25 адам қаза болды, бұл туралы Lianhe Zaobao хабарлады.
Төтенше жағдай қызметінің жедел көмегі нәтижесінде өрт шамамен сағат 14:30-да сөндірілді.
Ақпаратқа сәйкес, өрт шыққан кезде кемеде 42 адам болған. Олардың 12-сі аман-есен сытылып шыққан, бесеуі денесін күйік шалып, ауруханаға жеткізілген. Сағат 20:00-дегі мәлімет бойынша, кемеден 25 адамның денесі табылған.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин іздестіру-құтқару жұмыстарын шұғыл жүргізіп, апат салдарын жою, зардап шеккендерге қажетті көмек көрсету жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыру, сондай-ақ апаттың себептерін мүмкіндігінше жедел анықтау жөнінде тапсырма берді.
Оқиға орнынан түсірілген фотосуреттерден «Ocean Melody» атты осы ірі кеменің зауыт аумағында тұрғанын көруге болады.
Кеме қозғалысын бақылауға арналған MarineTraffic сайтының мәліметінше, «Ocean Melody» — ұзындығы 190 метр, Либерия туы ілінген жүк кемесі.
Басылымның жазуынша, LSEG деректеріне сәйкес, кеме 31 тамызда Бейхай зауытына тұмсық тіреген.
Айта кетейік, Қытай 2030 жылға дейін Жер мен Ай арасында халықаралық спутниктік желі құруды көздейтін Cislunar CubeSat Constellation ғылыми бағдарламасын іске қосты.