Қытайдағы қазақ балуаны Олимпиада жолдамасын жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM – Ыстанбұл қаласында өткен күрес түрлерінен Париж олимпиадасына әлемдік іріктеу турнирінде Қытайда тұратын қандасымыз Кабиран Абушайманұлы Париж олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

 Кабиран Абушайманұлы
Фото: Халықаралық күрес федерациясы

Қандасымыз Абушайманұлы Ыстанбұлдағы әлемдік іріктеуде ширек финалдан сүрінбей өтіп, жартылай финалда қарсыласына жол берді. Алайда, қола медаль үшін таласта қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, үздіктер қатарына кірді. Ал Олимпиада жолдамасы сарапқа салынған шешуші сында өзбекстандық қарсыласын 2:1 есебімен ұтып, Париж Олимпиадасына жолдаманы жеңіп алды.

Осы орайда қандасымызға әлеуметтік желі арқылы байланыс жасап, жетістігімен құттықтап, алдағы жоспары туралы сұрап білген едік.

«Арманым – Олимпиада ойындарына қатысу болатын. Түркияға тек осы жетістікке қол жеткізу үшін келген едім. Мақсатым орындалды. Жолдаманы жеңіп алдым. Енді, Париж төрінде өтетін басты додаға барымды салып дайындаламын. Ең басты мақсат Парижде жеңіс тұғырынан көріну. Бұл менің ғана емес, барлық спорт шының арманы. Ал арманға тек тынбай тер төккен адам ғана жетеді», деп қысқа ғана жауап берді қандасымыз.

Айта кетейік, 26 жастағы Кабиран Абушайманұлы Қытайдағы қазақтар көп қоныстанған Тарбағатай аймағы Дөрблжін ауданында дүниеге келген.

Ол осыған дейін Жазғы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алса, Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізген. Енді Түркиядағы соңғы әлемдік іріктеу турнирінде Париж олимпиадасының жолдамасын қанжығасына байлады.

Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Қытай құрамасы күрес түрлерінен жалпы 11 жолдама жеңіп алған.

Атап айтсақ, әйелдер күресінен 50 кг, 53 кг, 57 кг, 68 кг және 76 кг салмақта, еркін күрестен 57 кг, 97 кг, 125 кг салмақта, ал грек-рим күресінен 60 кг, 87 кг және 130 кг келі салмақта Париж олимпиадасына барады.

Соңғы жаңалықтар