Қытайдағы қазақ медициналық емханасы ұжымдық марапатқа ие болды – шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан су жөнінде келісімге келді – ӨзА
Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан жазғы вегетациялық маусым қарсаңында суару суын бөлу кестесін бекітті. Сарапшылар бұл келісімді Орталық Азиядағы су дипломатиясындағы маңызды қадам ретінде бағалап отыр.
Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.
Хабарламада айтылуынша, Ташкентте өткен үш елдің су-энергетика саласы басшыларының кездесуі қорытындысында үшжақты хаттамаға қол қойылды. Құжатқа сәйкес, алдағы екі айда Тоқтоғұл су қоймасы арқылы жіберілетін су көлемі мен тәртібі нақты кесте негізінде келісілген.
Мамандардың айтуынша, су бөлу кестесінің алдын ала бекітілуі фермерлер мен су шаруашылығы ұйымдарына жоспарлау жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанның Қырғызстанға электр энергиясын жеткізуі Тоқтоғұл су қоймасы қорындағы суды жазғы суару кезеңіне сақтауға жағдай жасаған.
Үш ел ведомстволары басшыларының келесі кездесуі маусым айының ортасында Бішкек қаласында өтеді. Онда шілде–қыркүйек айларына арналған су жеткізу көлемі мен жаңа кестелер талқыланады.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстанның алтын-валюта резервтері 70 миллиард доллардан асты» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, Өзбекстан Орталық банкі мәліметіне сәйкес, елдің алтын-валюта резервтері 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 70,9 миллиард долларға жетті.
Сәуір айында халықаралық резервтер көлемі шамамен 2 миллиард долларға артқан. Бұған әлемдік нарықтағы алтын бағасының өсуі негізгі себеп болған. Нәтижесінде резерв құрамындағы алтын активтерінің құны 743,6 миллион долларға көбейіп, 61,6 миллиард долларға жетті.
Сонымен қатар резервтегі алтынның физикалық көлемі аздап қысқарған. Наурыз айында 13,4 миллион трой унция болған көрсеткіш сәуір соңында 13,3 миллион трой унцияға дейін төмендеген. Соған қарамастан, алтын бағасының қымбаттауы жалпы активтердің жоғары деңгейде сақталуына мүмкіндік берді.
Сондай-ақ шетел валютасындағы резервтер 7,6 миллиард доллардан 8,7 миллиард долларға дейін өсті.
Сарапшылардың пікірінше, халықаралық резервтердің артуы елдің қаржылық тұрақтылығын күшейтіп, сыртқы экономикалық тәуекелдерге төзімділігін арттыруға ықпал етеді.
Қазақ медициналық емханасы «Шыңжаңды дамыту және құру үшін» сыйлығына ие болды – Алтай ақпараты
Таяуда Аймақтық жұңи медицинасы (қазақ медициналық емханасы) «Шыңжаңды дамыту және құру үшін» ұжымдық марапатына ие болды.
Бұл марапат мекеменің өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі мен көпұлтты халыққа көрсетіп отырған медициналық қызметінің жоғары деңгейін айқындайды, деп хабарлайды қытайлық «Алтай ақпараты».
Аталған басылымның дерегінше, медициналық мекеме ұзақ жылдан бері дәстүрлі қытай медицинасы мен қазақ медицинасы емшілігін қатар дамытып, клиникалық диагностика мен емдеу сапасын жетілдіруге басымдық беріп келеді. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстары мен инновациялық жобаларды енгізу бағытында бірқатар нәтижелерге қол жеткізген.
Қазіргі уақытта мекемеде ұлттық және автономиялық деңгейдегі 10-нан астам бейінді бөлім жұмыс істейді. 40-тан астам ғылыми жоба жүзеге асырылып, бірқатар патенттер мен ғылыми-технологиялық жетістіктер алынған. Сондай-ақ жаңа медициналық технологияларды енгізу арқылы өңірлік деңгейдегі олқылықтарды толықтыруға үлес қосып келеді.
2025 жылы емхана үшінші деңгейлі А санатындағы ұлттық медицина стандартынан сәтті өтті. Бұл мекеменің диагностика, емдеу және инфекциялық бақылау салаларындағы мүмкіндіктерінің айтарлықтай артқанын көрсетеді.
Сонымен қатар емхана әлеуметтік жауапкершілік аясында ауылдық және шалғай елді мекендерде тұрақты түрде тегін медициналық тексерулер мен қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді. Орта есеппен жылына 20-дан астам медициналық көшпелі қабылдау өткізіліп, халыққа тегін дәрі-дәрмек пен кеңес беру қызметтері көрсетілуде.
Мекеме басшылығы бұл марапатты алдағы жұмысты одан әрі жандандыруға серпін беретін маңызды жетістік ретінде бағалап, ұлттық медицина мен заманауи денсаулық сақтау жүйесін қатар дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін мәлімдеді.
Қазақстан Түркияға «халал» стандартына сай ет өнімдерін экспорттауға дайын – Eurasia Today
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Түркия еліне «халал» стандартына сай ет өнімдерін экспорттауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Режеп Тайып Ердоған қатысуымен өткен Қазақстан–Түркия бизнес форумында айтты, деп хабарлайды Eurasia Today.
Аталған ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, Президент Қазақстанның агроөнеркәсіп саласындағы экспорттық әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Былтыр 27 миллион тонна астық жиналып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты соңғы бес жылда 1,8 есе артқан.
Сонымен қатар, Қазақстан Түркиямен агроөнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Атап айтқанда, бидай мен бұршақты терең өңдеу, жылыжай кешендері мен желатин өндірісі сияқты бірлескен жобалар қарастырылып отыр.
Қытайдан Қазақстанға жеміс-жидек экспорты 2026 жылдың бірінші тоқсанында бес есеге өсті – Халық газеті
2026 жылдың бірінші тоқсанында Қытай мен Қазақстан шекарасындағы Жеменей-Майқапшағай шекара өткелі арқылы Қазақстанға экспортталған жеміс-жидек көлемі айтарлықтай артты. Бұл туралы Шыңжаңдағы Жеменей кеденінің мәліметіне сүйеніп Қытайдың Халық газеті басылымы хабарлады.
Кеден мәліметіне сәйкес, аталған кезеңде жеміс-жидек экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 532,5 пайызға өсіп, 54,48 млн юаньға (шамамен 7,97 млн АҚШ доллары) жеткен.
Сонымен қатар, бірінші тоқсанда Жеменей–Майқапшағай шекара өткелі арқылы жүзеге асқан импорт пен экспорт көлемі тұрақты өсім көрсеткен. Сауда құрылымы да әртараптандырылып келеді.
Статистикаға сәйкес, осы өткел арқылы импортталған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы құны 36,51 млн юаньды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 62,4 пайызға артқан.
Негізгі импорттық тауарлар қатарында дәнді және майлы дақылдар, мал шаруашылығы өнімдері, сондай-ақ арнайы ауыл шаруашылығы өнімдері бар.
Бұдан бөлек, кеден органдары жиһаз, аксессуарлар және керамикалық бұйымдар экспортының да өскенін хабарлады.
Сонымен қатар осы аптада Халық газеті басылымында «Қазақстандық туристер Хайнань бағытында белсенділік танытты» деген мазмұндағы ақпарат жарық көрді.
Биылғы 1 мамыр мерекесі кезінде Хайнань өлкесіне келген шетелдік туристер саны артты. Бұл туралы Хайнань өлкелік үкіметі мәлімдеген.
Ресми мәліметке сәйкес, мереке күндері аймақ 10 мыңнан астам визасыз шетелдік қонақты қабылдаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,5 пайызға көп.
Хайнаньға келген шетелдік туристердің басым бөлігін Ресей, Қазақстан, Сингапур, Малайзия және Беларусь азаматтары құраған.
Өлкелік биліктің мәліметінше, Хайнань еркін сауда порты аясындағы визасыз кіру саясаты кезең-кезеңімен кеңейтіліп келеді. Қазіргі уақытта әлемнің 86 елінің азаматтары Хайнаньға қарапайым төлқұжатпен визасыз кіре алады.
Америкалық Шекспир қауымдастығы Ыспарта жобасын халықаралық деңгейде бағалады – TRT
Түркияның Ыспарта қаласы өнер арқылы халықаралық мәдени диалогты дамытуға қосқан үлесі үшін АҚШ-та марапатқа ие болды, деп жазады «TRT».
Түркиялық басылымның дерегінше, Сүлейман Демирел университеті мен Ыспарта муниципалитеті бірлесіп 2018 жылдан бері ұйымдастырып келе жатқан Халықаралық Шекспир фестивалі Америкалық Шекспир қауымдастығы тарапынан «Қоғамдық үлес» аталымы бойынша марапатталды. Бұл – ұйымның 54 жылдық тарихында АҚШ аумағынан тыс жобаға алғаш рет берілген сыйлық.
Фестиваль Ыспарта мен Анталия қалаларында өтіп, театр қойылымдары, ғылыми конференциялар және мәдени іс-шараларды қамтиды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба халықаралық мәдени ықпалы мен кең аудиторияны қамтуымен ерекшеленеді.
Марапаттау рәсімі АҚШ-тың Денвер қаласында өтті. Сарапшылар фестивальді өнер мен әдебиетті біріктіретін және жаһандық мәдени байланыстарды нығайтатын маңызды жоба ретінде бағалады.
Сондай-ақ осы аптада «TRT» басылымында «Халықаралық нөлдік қалдық форумы Стамбулда өтеді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Стамбул қаласында 5–7 маусым күндері «Нөлдік қалдық» тұжырымдамасына арналған Халықаралық нөлдік қалдық форумы өтеді.
Іс-шараны «Нөлдік қалдық» қоры ұйымдастырып отыр. Форум «Анталияға апарар жол: Климаттық іс-қимыл ретінде нөлдік қалдық» тақырыбымен екінші рет өткізіледі.
Форум аясында 160-тан астам елден мыңдаған қатысушы жиналып, климаттың өзгеруі мен экологиялық жауапкершілік мәселелерін талқылайды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жиын жаһандық экологиялық бастамаларды ілгерілетуге бағытталған.
Түркия президентінің жұбайы Емине Ердоған форумның маңыздылығын атап өтіп, оның климаттық дағдарысқа қарсы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге үлес қосатынын айтты.