Қытайдағы жойқын сел: Тоқаев Си Цзиньпинге көңіл айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті. 

Си Цзиньпин
Фото: Ақорда

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сицзан автономды ауданында болған жойқын селдің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады.  Мемлекет басшысы жақындарынан айырылған азаматтардың қайғысына ортақтасып, із-түзсіз жоғалған жандардың тез арада отбасына оралуына тілектестігін білдірді, — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, кенеттен болған су тасқыны Непал-Қытай шекарасына жақын жерде көшкін тудырып, салдарынан жүздеген турист із-түзсіз жоғалып кетті.

Соңғы мәліметтерге сенсек, жоғалғандардың арасында 391 шетелдік турист және 93 непалдық азамат бар. Непал туризм кеңесінің мәліметінше, із-түзсіз жоғалған шетелдіктердің арасында Үндістанның 134, АҚШ-тың 47, Ұлыбританияның 33 және Аустралияның 34 азаматы бар.