Қытайдан Еуропаға Орталық Азиядағы теміржолдар арқылы тасымалданатын жүк көлемі 5 есе өскен
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі 10 жылда Қытайдан Еуропаға Орталық Азия арқылы тасымалданатын теміржол жүгінің көлемі 5 есе өскен. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында айтты.

«Ел аумағы арқылы Қытай нарықтарын Еуропа және Орталық Азия елдерімен байланыстыратын 5 негізгі халықаралық теміржол дәліздері өтеді.
Соңғы 10 жылда осы дәліздер арқылы контейнерлік транзит көлемі 5 есеге өсті.
Жылдың 10 айының қорытындысы бойынша жүк тасымалының көлемі 3,5% артып, 263 млн 400 мың тонна болды», - деді ол.
Министрліктің қосымша мәліметі бойынша, жыл соңына дейін осы дәліздер арылы 310 млн тонна жүк тасымалдау жоспарда бар.
«Ішкі тасымалдар 10,8% өсіп отыр. Транзиттік жүк тасымалының көлемі өткен жылдың деңгейінде, яғни 22 млн 400 мың тонна. Бұл ретте, контейнерлік транзит 7,5%-ға өсті», - деді ведомство басшысы.