Қытайдың бейнеплатформасы ЖИ-ге арналған актерлер базасын іске қосып, дау тудырды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда жақында іске қосылған, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін кәсіби кино және телеөндіріс платформасы шынайы актерлердің келбеті мен дауысын пайдаланатын цифрлық деректерге байланысты қызу пікірталас тудырды. Бұл туралы Kyodo агенттігі жазды.
Қытайдағы Netflix баламасы саналатын iQIYI Inc. компаниясы сәуір айында іске қосқан Nadou Pro платформасында қазірдің өзінде 100-ден астам танымал актер тіркелген. «Жасанды интеллектіге негізделген таланттар қоры» арқылы контент жасаушылар актерлердің бейнесін, дауысын немесе қимыл-қозғалысын пайдалану жөнінде олармен келіссөз жүргізе алады.
Алайда сыншылардың пікірінше, жасанды интеллект жасаған контент көрерменге шынайы актерлердің ойыны сияқты әсер ете алмайды.
iQIYI бұл қадамға Қытайдың ойын-сауық индустриясындағы бәсекелестік күшейген кезеңде барып отыр. Соңғы уақытта тірі актерлердің қатысуынсыз, толықтай жасанды интеллект арқылы түсірілетін қысқаметражды сериалдар кеңінен танымал бола бастады.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, AI платформасына 10 мыңнан астам контент жасаушы тіркелген. Оның көмегімен ғылыми фантастика, триллер, фэнтези және қысқаметражды драмалар жанрындағы 100-ге жуық жоба әзірленген.
Платформа сценарий жазудан бастап сториборд әзірлеу, визуалды эффектілер жасау және соңғы монтажға дейінгі өндіріс процесін жеңілдетеді. Сондай-ақ бірнеше секунд ішінде ауқымды көріністерді жасап, дала түсірілімдері мен күрделі декорацияларға кететін шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, цифрлық актерлерді де жасанды интеллект арқылы жасауға болады.
Сәуір айында Baidu Inc. компаниясының қолдауындағы iQIYI бас директоры Гун Ю болашақта жасанды интеллект мүлде қолданылмай түсірілген көркем фильмдер «материалдық емес мәдени мұраның» бір түріне айналуы мүмкін екенін айтқан. Оның пікірінше, ойын-сауық контентін ЖИ көмегімен жасау үрдісін тоқтату мүмкін емес.
Ол сондай-ақ жаңа технологиялар актерлердің жұмыс жағдайын жақсартатынын, өйткені ұзаққа созылатын түсірілімдердің қажеттілігін азайтатынын мәлімдеді.
Алайда Гун Юдің бұл пікірі әлеуметтік желілерде үлкен сынға ұшырады. Көп қолданушы жасанды интеллект жасаған туындылардың сапасына күмән келтірді.
Интернеттегі жағымсыз пікірлерден кейін бастапқыда жасанды интеллектінің таланттар базасына тіркелуге келіскен кейбір танымал актерлер бұл бастамаға қатысуға келісім бермегендерін мәлімдеді.
Айта кетейік, Google жасанды интеллект технологияларын дамыту үшін SpaceX компаниясының есептеу қуатын пайдалану жөнінде ауқымды келісім жасасты.