Қытайдың Харбин қаласы АҚШ агенттеріне іздеу жариялады
АСТАНА.KAZINFORM — Қытайдың Харбин қаласы кибершабуыл ұйымдастыру мен құпия ақпараттарды ұрлауға қатысы бар деген күдікпен АҚШ-тың арнайы агенттеріне іздеу жариялады.

Харбин қалалық Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы 16 сәуір күні Weibo әлеуметтік желісі арқылы жариялаған ресми хабарламадан белгілі болғандай, 2025 жылғы Харбинде өткен IX қысқы Азия ойындары кезінде, дүбірлі доданың ақпараттық жүйесі мен Хэйлунцзян провинциясының маңызды ақпараттық платформаларына шетелден ауқымды кибершабуыл жасалған. Хабарламада тергеу нәтижесі АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігі Арнайы ақпараттық операциялар басқармасының агенттері Кэтерин Уилсон, Роберт Снеллинг және Стивен Джонсонның аталған шабуылдарға қатысқанын дәлелдейді.
Хабарламада сондай-ақ аталған агенттердің Қытайдың маңызды ақпараттық инфрақұрылымдарына да сан дүркін кибершабуыл ұйымдастырғаны және Huawei сияқты компанияларға бағытталған кибершабуылға да ат салысқаны қадап айтылды.
Хабарламаға сәйкес, Қытайға қарсы кибершабуыл жасау және құпия ақпараттарды ұрлау қылмыстарына заң бойынша қатаң соққы беру, ұлттық киберқауіпсіздікті сақтау және халықтың өмірі мен мал-мүлкін қорғау мақсатында Харбин қалалық Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы аталған үш күдіктіге халықаралық іздеу жариялау және тиісті сыйақы тағайындау туралы шешім қабылдаған.
Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Қытайдың Компьютерлік вирустарға қарсы жедел шаралар жөніндегі ұлттық орталығының Компьютерлік вирустардың алдын алу технологиялары бойынша инженерлік зертханасы 3 сәуірде жариялаған арнайы есепке сәйкес, 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындары кезінде, алқалы шараның ақпараттық жүйесі мен Хэйлунцзян провинциясының ақпараттық инфрақұрылымдарына шетелден жалпы 270,167 рет хакерлік шабуыл жасалған. Анықталған шабуылдардың 63,24%-ы, атап айтқанда 170,864-і АҚШ-тан бағытталған.
Наурыз айында ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында ірі көлемдегі алаяқтық дерегі анықталғанын жазған едік.