Қытайдың қорғаныс министрі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Қорғаныс министрі Дун Цзюньге қатысты сыбайлас жемқорлық айыптары бойынша тергеу басталды. Бұл туралы The Financial Times ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Қытай қорғаныс министрі
Фото: report.az

– Қытай билігі сыбайлас жемқорлық схемаларын ашуға бағытталған кеңірек тергеудің бөлігі ретінде Халық азаттық армиясының басшысы Дун Цзюньге қатысты тергеуді бастады, – делінген хабарламада.

The Financial Times-тың хабарлауынша, бұл Дун Цзюньды сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен тергелген елдің қатарынан үшінші қорғаныс министрі етті. Ол бұл қызметке 2023 жылдың желтоқсанында бұрынғы министр сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен қызметінен босатылғаннан кейін тағайындалған.

Жаңа күдіктер Қытайда соңғы жылдары жүзеге асырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігіне күмән тудырып отыр.

– Ел үкіметі жемқорлықпен күресті жалғастыруда, армия мен оның басшылығының имиджін жақсартуға ұмтылуда, – делінген хабарламада.

Ақпарат үшін, Си Цзиньпин 2012 жылы Қытай Халық Республикасының көшбасшысы болып сайланғалы бері елде жемқорлықпен күрес айтарлықтай күшейген. Соңғы жылдары кең ауқымды сыбайлас жемқорлыққа қарсы науқанның арқасында қатардағы мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, жоғары лауазымды тұлғалар да қызметтерінен, тіпті өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, бұған дейін Қытай банкінің бұрынғы төрағасы өлім жазасына кесілгенін хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар