Қытайдың маңызды саяси оқиғасы – «Екі жиналыс» Бейжіңде өтіп жатыр
БЕЙЖІҢ. KAZINFORM – Әдеттегідей наурыз айында Қытайдың жыл сайынғы маңызды саяси оқиғасы – «Екі жиналыс» дүйсенбі күні ел астанасында басталды.
«Екі жиналыс» деген не?
«Екі жиналыс» — қытай тілінен аударғанда, 1959 жылдан бері әр наурыз айында өткізілетін Қытай Халық Республикасының Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы мен Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Ұлттық комитеті жиналысының жиынтық атауы.
Қытайдың заң шығарушы органы отырысының күн тәртібі ретінде «Екі жиналыс» шамамен 2 аптаға созылады. Іс-шараға Қытайдың саяси элитасы, сондай-ақ бизнес, технология, медиа және өнер әлемінің көшбасшылары жиналды.
Бұл кезеңде заң шығарушылар жаңа заңдарды, саяси тағайындауларды және әртүрлі ведомстводағы, соның ішінде Қаржы министрлігі мен Ұлттық даму және реформалар жөніндегі комиссиядағы жұмыс барысын егжей-тегжейлі сипаттайтын үкімет жұмысының есептерін бекітеді.
Биылғы «Екі жиналыста» не нәрсеге назар аударған жөн?
Өткен жылғы «Екі жиналыста» Қытайдың «халық өкілдері» (парламент мүшелеріне тең) Си Цзиньпиннің Қытай Халық Республикасының төрағасы болып үшінші рет қайта сайлануын ресми түрде мақұлдады. Бұл — Қытай тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға.
Биыл Қытай экономикасына келеңсіз факторлардың ықпалынан қалай құтылып, тұрақты өсуді жалғастыру басты назарда болмақ.
Ең маңызды оқиғалардың бірі — премьер-министр Ли Цяннің жыл сайынғы жұмысы туралы есебі, онда үкіметтің жетістіктері сарапталып, 2024 жылға арналған мақсаттар белгіленеді. Ли Цян 2024 жылы шамамен 5% экономикалық өсу мақсатын белгілеп, Қытайдағы туу деңгейінің төмендеуінен бастап технология мен жасанды интеллектті реттеудің болашағына дейінгі негізгі мәселелерді талқылайды деп күтіледі.
«Екі жиналыс» барысында кейбір негізгі персоналды тағайындаулар да жасалуы мүмкін.
Айта кетейік, өткен жылы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің 175 мүшесінің 11-і қызметінен босатылған, оның ішінде Сыртқы істер министрі Цин Ганг мен Қорғаныс министрі Ли Шанфу бар. Жұмыстан шығарылған мүшелердің көпшілігі Қытай әскерімен тығыз байланыста.
Қытай мен Тайвань арасындағы қарым-қатынас осы «Екі жиналысындағы» тағы бір маңызды бағыты болғалы тур.
Өткен айда болған «Тайвань жұмыс 2024» конференциясында Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесі ұлттық комитетінің төрағасы Ван Хунинг бұрын қолданылған «Тайваньның тәуелсіздік жариялауына қарсы тұрамыз» деген мәлімдемесін бірінші рет «Тайваньның тәуелсіздік жариялауына қатаң турде соққы беру» деп өзгертті. Семантикалық жаңарту сыртқы әлемді «Бұл Қытайдың 2024 жылы Тайваньға қатысты қатал саясат ұстанатынын білдіре ме?» деп алаңдатты.

Отыз жылға созылған «дәстүр» жойылады
Қытай ақпарат құралдарының хабарлауынша, премьер Ли Цян биылғы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысынан кейін БАҚ өкілдерімен кездеспейді. Қытай Халық Өкілдері Бүкілқытайлық жиналысының баспасөз хатшысы Лу Циньцзян 4 наурызда Бейжіңде:
«Биылғы ХIV Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының екінші сессиясы жабылғаннан кейін премьер-министрдің баспасөз мәслихаты болмайды. Ерекше жағдайлар болмаса, осы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының алдағы бірнеше жылында премьер-министрдің баспасөз мәслихаты болмайды», — деді.
Бұл 30 жылдық дәстүрге айналған Қытай премьер-министрінің «Екі жиналыс» баспасөз конференциясы енді болмайды дегенді білдіреді.
1991 жылы Қытайдың сол кездегі премьер-министрі Ли Пэн «Екі жиналыс» аяқталғаннан кейін өткен баспасөз мәслихатына алғаш рет қатысты. 1993 жылдан бастап премьер-министрдің «Екі жиналыс» кезіндегі баспасөз мәслихаты қалыпты жағдайға айналған.