Қытайдың оңтүстігінде 3 мыңнан астам адам чикунгунья вирусын жұқтырған
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында өткен аптада Чикунгунья безгегін жұқтырудың 3181 жаңа жағдайы тіркелді. Билік індетке байланысты жедел әрекет ету шараларын жариялады, деп хабарлайды жергілікті БАҚ.
Гуандун провинциясының ауруларды бақылау және алдын алу агенттігінің мониторинг деректеріне сәйкес, ауру жұқтырғандардың ең көбі Цзянмен қаласында тіркелген – 2480 оқиға. Елді мекенде денсаулық сақтау саласында төтенше жағдайларға жедел әрекет етудің үшінші деңгейі енгізілді.
Ауруды жұқтыру жағдайлары сондай-ақ аймақтың Фошань (157), Гуанчжоу (138), Чжаоцин (101), Шэньчжэнь (81) және басқа қалаларында да тіркелген. Атап өтілгендей, аурудың ауыр формалары немесе өлім жағдайлары тіркелген жоқ.
Осы аптаның басынан бері инфекцияның таралуы туралы толық ақпарат алу және жұқтыру ошақтарын жою үшін вирустың асимптоматикалық тасымалдаушылары статистикалық есептерге қосылды. Қазіргі кезде ауруға шалдыққан адамдар санының өсімі ішінара тұрақтанды, бірақ жағдай шиеленіскен күйінде қалып отыр.
Жұқпалы аурулардың алдын алу институтының директоры және Гуандун провинциясының ауруларды бақылау және алдын алу орталығының инфекциялық бақылау жөніндегі бас сарапшысы Кан Миньнің айтуынша, инфекцияның таралу қаупінің жоғары болуы ҚХР Құрылған күн және Күздің ортасы мерекесінде адамдардың көп жүруіне байланысты болып отыр.
- Сапарға шыққанда ауру жұқтыру қаупі жоғары аймақтардан аулақ жүріңіз, қорғаныс киімін киіңіз және масалардан қорғайтын құралдарды қолданыңыз. Дене қызуы көтерілсе немесе бөртпе пайда болса, дереу дәрігерге қаралыңыз, - деп еске салды сарапшы.
Еске сала кетсек, чикунгунья қызбасы — Aedes масалары арқылы таралатын өткір вирустық ауру. Оның белгілеріне жоғары қызу, тері бөртпесі және буындардағы қатты ауру жатады. Клиникалық көрінісі жағынан денге қызбасына ұқсас.
Бұған дейін Қытай чикунгунья вирусын жұқтыру қаупі ең жоғары аймақтар тізімін кеңейткенін жазған болатынбыз.