Қытайдың Ұлттық ойындарында этникалық қазақ бокстан алтын алды
АСТАНА. KAZINFORM — Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан XV бүкілқытайлық спартакиадада бокстан ерлер арасындағы 92 келіден жоғары салмақ дәрежесінің финалында Гуандун провинциясының атынан додаға түскен қазақ спортшысы Байқоныс Данабек чемпион атанды, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.
Белгілі болғандай, Байқоныс ақтық сында Қытай Қоғамдық қауіпсіздік саласы бойынша спорт қауымдастығының өкілі Ма Цзиньянды айқын басымдықпен жеңді.
Алтын медальды төккен тер, еткен еңбектің нәтижесі деп атаған Байқоныстың айтуынша, финалдағы қарсыласы бұрыннан жұдырық түйістіріп жүрген сыралғы бәсекелес екен. Сондықтан бапкері қарсыластың тәсілдерін мұқият талдап, тиянақты стратегия түзген, бұл айқын жеңістің кілті болған.
Бүкілқытайлық спартакиаданың чемпионы атанған ол ендігі мақсатын «Олимпиада үшін күрес» деп түйіндеді.
Ашық дереккөз бойынша, Байқоныс Данабек 1997 жылы Шынжаң өлкесінде өмір есігін ашқан. 2023 жылы бүкілқытайлық бокс чемпионатында 92 келі салмақ дәрежесінде алтын алған, Ханчжоу Азия ойындарында Қытай құрамасының сапында өнер көрсеткен.
Бұған дейін Қытайдың Үрімжі қаласында тұратын қытайтілді қазақ жазушысы Анар Зинуарбекқызының Бин Синь атындағы мемлекеттік әдеби сыйлықтың иегері атанғаны жайлы жазып едік.