Қытайлық компания елімізде күрделі газ өндіруге 7,5 млрд доллар инвестиция салады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада «Kazakh Invest» компаниясы мен Geo Jade Petroleum Corporation халықаралық мұнай-газ компаниясы ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Құжат аясында халықаралық компания еліміздегі «Созақ» кен орнынан күрделі газ өндіруге 7,5 млрд доллар инвестиция салады.
- Бүгін Kazakh Invest көпжақты ынтымақтастық туралы меморгандумға қол қойды. Құжат аясында елімізде алғаш рет күрделі газды барлау, өндіру және терең өңдеу бойынша ірі жоба іске қосылады. Бұл Мемлекет басшысының газ өңдеу өнеркәсібін дамыту және кеңейту тапсырмасын толықтай орындауға мүмкіндік береді. Халықаралық концорциум «Созақ» кен орнындағы газды игеру үшін 7,5 млрд доллар көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл жобаның бірінші кезеңінде 3 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Егер жоба ары қарай табысты жүзеге асырылған жағдайда жұмыс орнының саны 6 мыңға дейін жетуі мүмкін. Жоба Қызылорда облысында іске асырылады, - деді «Kazakh Invest» ҰК» басқарма төрағасының орынбасары Айбол Арғынғазиев.
Оның айтуынша, алдын ала келісімге орай игерілген газдың барлығы дерлік ішкі нарыққа жұмсалуы мүмкін. Демек, «Созақ» кен орны сәтті игерілген жағдайда 2,5 млн адам көгілдір отын қызығын көреді.
Geo Jade Petroleum Corporation компаниясының басқарма төрағасы Чень Хуаньлононың айтуынша, елімізде нақтыланған күрделі газ қоры 100 млрд текше метрді құрайды. Ал ірісі «Созақ» кен орны саналады.
- Дәстүрлі емес газ қоры бар, өнім өндіру өте қиын мұндай ірі кен орын барлау үшін, жұмыс істеу үшін бізге Қазақстанның құзіретті органдары тарапынан қолдау аса қажет. Қазіргі уақытта «Kazakh Invest» компаниясы мен Қазақстан Үкіметі жан-жақты қолдау білдіріп отыр. Осындай қолдаудың, тәжірибеміз бен технологияларымыздың арқасында аталған кен орнынан газ өндіру жоспарымызды дер уақытында жүзеге асыратындығымызға сенімдімін, - деді ол.
«Kazakh Invest» ҰК» басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов «Созақ» кен орнын игеру Қазақстан үшін мүлдем жаңа бағыт екенін айтады.
- Өйткені, алынуы өте күрделі әрі дәстүрлі емес газ өндіріледі. Елімізде мұндай технология жоқ. Жалпы, бұл салада АҚШ пен Қытай ғана әлемде көш басшы саналады. Осы екі ел ғана күрделі газды өндіруге қажетті мұндай технологияларға иелік етіп отыр. Жалпы, әлем жайында айтар болсақ, сарапшылардың бағалауына қарағанда мұндай күрделі, игерілуі қиын газ дәстүрі табиғи газдан 10 есе көп, - деді ол.
Оның айтуынша, «Созақ» кен орнын игеру жобасын жүзеге асыруға дәстүрлі емес газ өндіру саласындағы америкалық және қытайлық ең үздік мамандары жұмылдырылады. Сонымен қатар ол мұндай кей орындарын игеру экологияға ешқандай залал келтірмейтінін айтты.
- Экология ешқандай зияны болмайды. Өйткені, Америка соңғы 20 жылда, Қытай 10-15 жылда мұндай газды табысты түрде өндіріп келеді әрі экологияға ешқандай проблема болған емес. Өйткені, ол жерде ең заманауи технологиялар қолданылады. Мұнан бөлек, инвестор аталған техологияларымен бөлісуге міндетті болады, құжаттарға қол қойдық. Сонымен қатар жергілікті мамандарды оқытады әрі жұмысшылардың 90 пайызы жергілікті мамандар болады. Инвестор жергілікті нарықтан тауарлар мен қызметтерді сатып алады, - деді Сұлтанғали Кенжеқұлов.
Компания мәліметінше, «Созақ» жобасын іске асыру газдың ішкі өндірісін айтарлықтай арттыруға, оңтүстік өңірлердегі инфрақұрылымдық шектеулерді азайтуға және Қазақстанда дәстүрлі емес ресурстарды игеру үшін заманауи технологиялық база қалыптастыруға мүмкіндік береді.
- Біз «Созақты» жаңа индустрияны ашатын және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын стратегиялық жоба ретінде қарастырамыз. Kazakh Invest инвесторға толық сүйемелдеу мен бастамаларды жедел іске қосуды қамтамасыз ете отырып, ұзақ мерзімді салымдар үшін ашық әрі болжамды жағдайлар жасайды, — деп атап өтті компаниядан.
Жоба Қазақстан экономикасын әртараптандыруға және орнықты энергетика секторын дамытуға қосылған маңызды үлес болмақ.
Айта кетейік, өткен жылы 95 елді мекенде 350 мың адам газға қол жеткізсе, 2026 жылы тағы 41 елді мекенге газ берілетін болады. Мәселен, егер 2024 жылдың 1 қаңтарында ел тұрғындарының 62 пайызы газбен қамтамасыз етілсе, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 64,2 пайызға дейін өсті. Бұл ретте, ішкі нарықта газ тұтыну көлемі үнемі өсіп келеді: жыл қорытындысы бойынша тиісті меже 20,4 млрд текше метрді құрады. Ірі жобаларды жүзеге асыру және жаңа магистральдық газ құбырларын қосу арқасында жүздеген елдімекенде өмір сүруге қажет қолайлы жағдай жасалып, қарқынды дамуға мүмкіндік туды.