Қытайлық робот рекорд жаңартты: 106 шақырымды тоқтаусыз жүріп өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда гуманоидты робот тоқтаусыз 106 шақырым жүріп, Гиннес рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды Chinadaily.
Шанхайлық Agibot компаниясы әзірлеген A2 моделі 10 қарашаның түнінде Сучжоу қаласынан жолға шығып, 13 қарашаның таңында Шанхайдағы әйгілі Бунд жағалауына жетті.
Роботтың үздіксіз қозғалуына қуат элементтерін жылдам алмастыру жүйесі мүмкіндік берген. Ресми деректер бойынша ол 106,286 шақырым жол жүрген.
Agibot вице-президенті Ван Чуане роботтың көрсеткішін жоғары бағалады.
«Сучжоу мен Шанхай арасын жаяу жүріп өту көптеген адамдар үшін қиын. Роботтың мұны еңсеруі оның аппараттық бөлігі мен тепе-теңдік алгоритмдерінің жетілгенін, төзімділігін дәлелдейді. Бұл кең көлемдегі коммерциялық қолдануға берік негіз болады», – деді ол.
A2 роботы екі GPS модулімен және инфрақызыл датчиктермен жабдықталған. Ол бағдаршамдар, тар өткелдер, халық көп жүретін тротуарлар сияқты күрделі жағдайларда да сенімді навигация көрсетіп, күндіз-түні қоршаған ортаны тұрақты қабылдай алған.
Маршрут барысында робот асфальт жолдармен, плиталы жаяужолдармен, көпірлермен, тактильдік плиткамен және пандустармен жүріп, жол қозғалысы ережелерін сақтаған.
Айта кетейік, бұған дейін америкалық 1X компаниясы үй шаруасына көмектесуге арналған әлемдегі алғашқы тұтынушылық гуманоид робот – NEO үшін алдын ала тапсырыс қабылдауды бастағанын хабарлаған еді.