Қыз баланы әуежайда қалдырып кету оқиғасы: Зеренің анасына 5 млн теңге төленді

ОРАЛ. KAZINFORM — «Астана-Орал» рейсінен 12 жасар Зерені әуежайда қалдырып кету оқиғасы бойынша қыздың анасына 5 млн теңге төленді.

Зеренің анасына 5 млн теңге төленді
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Баланың қорғаушысы Данильхан Шағатаевтың Instagram әлеуметтік желісінде мәлім еткеніндей, сот шығындарын қоса алғанда, қыздың анасы 5 млн теңгені толық көлемде алған.
Air Astana компаниясы мәжбүрлеп орындауға жеткізбестен, сот шешімін орындады.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылдан бері созылған іске нүкте қойылды. 

— Көп адам соттаспай-ақ 4 млн теңгені алу керек деп айтып жатты. Зеренің анасы басқа шешім қабылдады, ол дұрыс болып шықты. Қоғамдық пікір туғызған бұл іс қолданыстағы жолаушылар тасымалы заңнамасына, сондай-ақ FlyArystan әуе компаниясының ішкі ережесіне өзгерістер енгізуге түрткі болды, — дейді Д. Шағатаев.

Оның айтуынша, Air Astana компаниясы барлығы 8 млн 692 мың теңге шығынға қалды, бұған әкімшілік айыппұл мен моральдық залал кіреді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қыз баланы әуежайда қалдырып кету оқиғасы бойынша Air Astana сотта жеңілгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар