Қызамықтың қаупі неде және одан қалай қорғануға болады
АСТАНА. KAZINFORM — Қызамық жеңіл өтіп, кей жағдайда байқалмай қалуы мүмкін. Алайда инфекция жүкті әйелдер мен олардың құрсағындағы балалары үшін үлкен қауіп төндіреді. Бұл туралы Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы аса қауіпті бактериялық және вирустық инфекциялар зертханасының меңгерушісі Сания Сарсенғалиева мәлімдеді.
Қызамық — ауадағы тамшылар арқылы жұғатын, көбінесе балалар мен жас ересектерді зақымдайтын жұқпалы вирустық ауру. Науқастардың басым бөлігінде ол жеңіл өтеді: дене қызуы аса жоғары болмайды, тері бөртпесі шығады, көз қабығы жеңіл қабынады, құлақ артындағы және мойындағы лимфа түйіндері ұлғаяды. Дегенмен дәл осы жеңіл өтуінің салдарынан қызамық жиі байқалмай қалады, ал вирус бұл кезде бір топ адамға — жүкті әйелдер мен олардың құрсақтағы нәрестелеріне — үлкен қауіп төндіреді.
— Егер әйел жүктіліктің ерте мерзімінде қызамыққа шалдықса, вирустың ұрыққа берілу қаупі 90 пайызға дейін жетеді. Салдары ауыр болуы мүмкін: түсік тастау, ұрықтың қаза болуы немесе туа біткен қызамық синдромы (ТҚС) — есту қабілетінің бұзылуын, жүректің туа біткен ақауларын, катаракта мен психомоторлық даму кешеуілдеуін қамтитын кемістіктер кешені. ДДҰ бағалауынша, қызамық — вакцинамен алдын алуға болатын туа біткен даму ақауларының жетекші себебі болып қала береді және жыл сайын әлемде шамамен 100 000 нәрестеде ТҚС тудырады.
Клиникалық көрініс диагноз қоюға жеткіліксіз: тері бөртпесі жағдайлардың небәрі 50–80 пайызында ғана байқалады әрі басқа вирустық инфекциялардың белгілеріне ұқсас келеді, ал адам ең жұқпалы кезеңіне бөртпе шыққанға дейін-ақ жетеді. Қызамықты, әсіресе жүкті әйелде, тек зертханалық әдістермен ғана анықтауға немесе жоққа шығаруға болады, — деді Сания Сарсенғалиева.
Арнайы алдын алудың жалғыз тәсілі — вакцинация.
— Қызамыққа қарсы жоспарлы егу 1 жаста және 6 жаста жүргізіледі; бұған қоса, репродуктивті жасқа дейін екі жыныстың да иммунитеті қалыптасуы үшін бұрын ауырмаған, бұрын егілмеген немесе бір рет қана егілген 18–25 жастағы қыздар мен жігіттер қосымша егіледі, — деді ол.
СЭСО-ның аса қауіпті бактериялық және вирустық инфекциялар зертханасында қызамықты иммуноферменттік талдау (ИФТ) әдісімен жедел диагностикалау жүргізіледі. Зерттеу қанда қызамық вирусына тән IgM және IgG класты антиденелерді анықтайды: IgM өткір, ағымдағы жұқпаны білдірсе, IgG бұрын өткен ауруды немесе вакцинациядан кейін қалыптасқан иммунитетті көрсетеді. Мұндай тіркесім бір ғана талдау арқылы екі сұраққа бірден жауап беруге мүмкіндік береді — адам қазір ауру ма және ол қайта жұғудан қорғалған ба.
Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы аса қауіпті бактериялық және вирустық инфекциялар зертханасының меңгерушісі Сания Сарсенғалиеваның айтуынша, зерттеулер заманауи жоғары технологиялық жабдықта білікті мамандардың қатысуымен жүргізіледі, ал талдау нәтижесі бойынша дәрігер мен пациент қоздырғыштың бар-жоғы туралы дәйекті ақпарат алады — бұл әрі қарайғы бақылау мен емдеу тактикасын уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Кешенді тәсіл — заманауи зертханалық диагностиканың, санитариялық бақылаудың және алдын алу шараларының үйлесімі — қызамықтың таралу қаупін төмендетуге және халықтың, ең алдымен болашақ аналар мен балалардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.
Айта кетелік неге кей шет елдерде салынатын екпе Қазақстанның вакцина күнтізбесінде жоқтығы туралы жазған едік.