Қызылорда облысында қаржы пирамидасын ұйымдастырушының заңсыз әрекеті әшкереленді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Тергеу барысында «HRT» компаниясының салымшыларға самокат сату және жалға беру арқылы пайда тапқаны анықталды. Бұл туралы облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінен хабарлады. 

Қызылорда облысында қаржы пирамидасын ұйымдастырушының заңсыз әрекеті әшкереленді
Фото: pixabay.com

— Компанияның аймақтық филиалын ашып, пайда табуды көздеген Т.Теңелбаева компания қызметімен толық танысып, «Telegram» желісіндегі «Remo 888» аккаунты арқылы кері байланыс орнатқан. Кейін «HRT» жүйесіне жаңа салымшыларды тіркеу арқылы пайдасын арттыру жоспарын құрған. Жаңа қатысушыларды тартқаны үшін ол әр салымшыдан 15 пайыз көлемінде сыйақы алып келген. Осылайша облыс аумағында қаржы пирамидасын ұйымдастырып, жалпы көлемі 33 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірген. 

Аппеляциялық сот үкімімен Т. Теңелбаева ҚР ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен және ҚК-нің 218-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Оған ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі қолданылып, айыпталушының кәмелетке толмаған балалары болуына байланысты 5 жыл мерзімге кейінге қалдырылған, - делінген департамент хабарламасында. 

Жәбірленушілерге залалды өтеу үшін сотталушы қылмыстық жолмен 5 млн 604 мың теңгеге сатып алынған «Changan Alsvin» автокөлігі тәркіленді.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұған дейін қаржы пирамидасы, оның белгілері және алаяқтардан қалай сақтану керектігі жөніндегі кеңестерін ұсынды.

Еске салсақ, бұған дейін қаржы пирамидасын қалай тануға және алаяқтардан қалай қорғануға болатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар