Қызылорда – Жезқазған автожолының Қызылорда облысындағы бөлігі толық аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM - «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолын реконструкциялау жобасы екі өңір арасындағы қауіпсіз әрі үздіксіз көлік қатынасын қамтамасыз ету, жолдың көліктік-пайдалану жағдайын жақсарту және өңіраралық байланысты дамыту мақсатында іске асырылып жатыр.
Жобаның жалпы ұзындығы 400 шақырымды құрайды және екі кезеңнен тұрады: оның 192 шақырымы Қызылорда облысында, ал 208 шақырымы Ұлытау облысында орналасқан.
Қызылорда облысындағы жұмыстар аяқталды. Ұзындығы 192 шақырым болатын барлық учаскелерде реконструкциялау жұмыстары толық аяқталып, бүгінде бұл бағытта автокөлік қозғалысының қауіпсіз әрі үздіксіз өтуі қамтамасыз етілді. Бұл – бүкіл жоба аясындағы маңызды нәтижелердің бірі.
Ұлытау облысы бағытында да жоба белсенді жүзеге асырылу үстінде. Ұзындығы 208 шақырымды құрайтын, 8 реконструкция учаскесіне бөлінген II санатты жолда мердігер ұйымдар барлық ресурстарды толық жұмылдыра отырып, ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта объектілерде шамамен 1150 жол мамандары мен 685-ке жуық жол-құрылыс техникасы жұмылдырылған, асфальтбетон және ұсақтау-сұрыптау зауыттары, бетон араластыру қондырғылары жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, жұмысшыларға арналған вахталық қалашықтар ұйымдастырылған.
Бүгінде Ұлытау облысындағы учаскенің шамамен 200 шақырымы немесе жалпы ұзындығының 96% уақытша айналма жолдар арқылы қозғалысқа ауыстырылды. Бұл негізгі жолды реконструкциялау жұмыстарын өңірлер арасындағы көлік қозғалысын тоқтатпай-ақ жүргізуге мүмкіндік береді. Көптеген учаскелерде дайындық және жер жұмыстары толық аяқталып, жол төсемінің төменгі және жоғарғы негіз қабаттары төселді.
Қазіргі уақытта асфальтбетон жабынының қабаттарын төсеу қарқынды жалғасуда, ал кейбір учаскелерде бұл жұмыстар айтарлықтай көлемде орындалып, аяқталуға жақын. Сонымен қатар көпірлер мен ондаған су өткізу құбырларын орнату жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.
Жолды абаттандыру да қарқынды түрде жүзеге асып жатыр: жол белгілері, сигналдық бағаналар, тосқауыл және торлы қоршаулар орнатылып, жол таңбалары сызылуда, жүргізушілерге арналған демалыс алаңдары салынып жатыр.
-Жол-құрылыс материалдарын дайындау жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Мәселен, битум бойынша жылдық жоспардың 90%-дан астамы орындалды (7 758 тоннаның шамамен 7 000 тоннасы дайындалған). Сонымен қатар қиыршық тас, темірбетон бұйымдары, құм-қиыршық тас қоспасы және геотекстиль қоры қажетті көлемде жинақталып отыр,-делінген хабарламада.
Осылайша, «Қызылорда – Жезқазған» автожолын реконструкциялау жобасы тұрақты әрі оң қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында барлық бағыттар бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға, өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға және ұзындығы 400 шақырым болатын маңызды көлік дәлізін заманауи талаптарға сай жаңғыртуға елеулі үлес қосады.
Осыған дейін «Қарағанды – Жезқазған» тасжолы 2029 жылға дейін толық жаңартылатыны туралы жаздық.