Қызылордада бірнеше күн бұрын жоғалған 6 жасар қыздың денесі табылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласында із-түзсіз жоғалған 6 жастағы Медина Мұратбекқызының денесі табылды.
Облыстық полиция департаменті таратқан алдын ала мәліметке қарағанда қыз баланың денесі «Әйтек» су торабынан ағыспен төмен қарай шамамен 30 шақырым жерден анықталған. Мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ.
Бұған дейін біз Медина Мұратбекқызының 5 маусым күні кешкі уақытта Рисмаш ауданындағы Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан бөгет аумағына ойнауға шығып, содан бері үйіне оралмаған болатын. Оны іздестіру жұмысына полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, еріктілер, туыстары және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.
Іздестіру шаралары бірнеше күн бойы арнайы техника, дрондар, із кесуші иттер мен сүңгуірлердің қатысуымен жүргізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Жоғалған қыз баланың фотосуреті мен жеке белгілері туралы ақпарат екі күн бұрын барлық тиісті аумаққа таратылған болатын.