Қызылордада қоғамдық тамақтану орындарына 4,5 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында 2 мыңнан астам тағам нысаны бар, оның 600-ге жуығы — қоғамдық тамақтану орындары.

Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті
Фото: Freepik

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері эпидемиялық маңыздылығы жоғары 32 нысанға халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келетіні жөнінде қорытынды берілген. Биыл 9 айда «Е-лицензиялау» бағдарлармасы арқылы елеусіз нысандардың қызмет көрсете бастағаны туралы 71 нысаннан хабарлама түскен. Оның басым көпшілігі Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданының үлесінде.

Қызылордада қоғамдық тамақтану орындарына 4,5 млн теңгеге жуық айыппұл салынды
Фото: Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті

— Барлық қоғамдық тамақтану орны санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бірдей сақтай бермейді. Осы бағытта жыл басынан бері 84 арыз тіркелді. Оның көбі санитариялық тазалықтың сақталмауы, өнімдердің жарамдылық мерзімінің өтіп кетуі сияқты мазмұнда. Дәлелін тапқан арыз-шағымдар бойынша жеке және заңды тұлғаларға 4,5 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Заңбұзушылықтарды жою туралы 25 ұйғарым берілді, — деді департамент басшысы Гүлмира Сыздықова.

Қоғамдық тамақтандыру орындарының, ең алдымен, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болуы керек. Қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі, жұмысқа рұқсатының болуы, жеке бас гигиенасын және ас блогында тазалықты сақтауы, азық-түлік қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуы, тез бұзылатын өнімдерді тоңазытқышта сақтау аса маңызды.

— Ауру тасымалдайтын микроағзалар азық-түлік арқылы тез таралады. Сондықтан мейрамхана, кафе, асханалардың кез келген қызметкері келушілерге зиянын тигізбес үшін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң орындауы тиіс, — деді департамент басшысы.

Қазақстанда 2026 жылдың ақпан айынан бастап балалар ұйымдарында санитариялық бақылау тәртібі өзгереді.