Қызылордада тағы бір түлек ҰБТ-дан 140 балл алды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында биыл осымен екінші мектеп бітіруші ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан ең жоғары ұпайды еншіледі.

Қызылордада тағы бір түлек ҰБТ-дан 140 балл алды
Фото: Жалағаш ауданының әкімдігі

Ол Жалағаш ауданының Еңбек ауылындағы Мардан Байділдаев атындағы № 232 орта мектептің 11-сынып оқушысы Альфия Балхан.

— Талапкер ҰБТ-да ең жоғары нәтиже көрсетіп, 140 ұпай жинады. «Алтын белгі» иегері атанған талапты түлек қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерін таңдап, ұстаздарының кәсіби қолдауы мен сапалы тәлімінің, сондай-ақ өзінің табанды еңбегі, үздіксіз ізденісі және жоғары жауапкершілігінің арқасында биік белесті бағындырды, — деп хабарлады аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Альфия ҰБТ-ға дайындық тестін тапсырғанда 138 балл жинап, қатарластарынан оқ бойы озық көрінген екен.

— Бұл — Альфияның, ата-анасының, ұстаздарының және білім ордасының ортақ жетістігі. Жоғары нәтиже ауданымыздағы білім сапасының артып келе жатқанын, сондай-ақ дарынды оқушыларды қолдау бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың жемісті нәтижесін айқын көрсетеді, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Шиелі ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы № 127 орта мектеп-лицейдің бітіруші түлектері, егіз қыздар Кәусар және Гауһар Алтынсары ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетіп, аймақ мерейін үстем еткен еді.