Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қызылордада жеке мектептерге қатысты арыз-шағым жиіледі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында жекеменшік мектептер мәселесі ушығып тұр. Оған әлеуметтік желіде қаптаған арыз-шағым дәлел.

компьютер, онлайн, документы
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Мысалы, облыс орталығындағы «Orda School» мектебінде еңбек ететін ұстаздар қауымы Instagram әлеуметтік желісінің Критика Қызылорда парақшасында кезекті еңбек демалысының ақысын ала алмай жүргенін алға тартқан.

- Үкімет тарапынан аударылған ақша есебінен еңбек демалысының ақысы төленбей отыр. «Шілденің 20-сына дейін береміз» дегенге сенгенбіз, 17 шілде күні құрылтайшы «қарызым көп, бермеймін» деп жауап берді. Біз соған сеніп қалдық. Кредит бар, бала-шағамызға тамақ керек, емделуді жоспарлағанбыз. Тамыз айында ешқашан айлық төлемеген. Қарсы шықсақ, жұмыстан қуыламыз, - делінген жазбада.

Мұғалімдердің өтінішіне облыстық білім басқармасы үн қатты.

- 2026 жылғы қаңтар-ақпан айларына жеке мектептерден мемлекеттік тапсырысқа өтініш қабылдау үшін Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі тарапынан әзірленген «Орта білім» электронды платформасына 19-25 ақпан аралығында өтініштер қабылданды. Пилоттық жобада айқындалған талаптарға сәйкес келген «Orda School» мектептерімен қаңтар-мамыр айларына мемлекеттік тапсырыс орналастыру бойынша міндеттемелерге қол қойылды. Нақты орындалған жұмыстардың және оқушы контингентінің санына сәйкес қаржы толығымен төленді, - делінген хабарламада.

Басқарма бұл мәселенің мемлекеттік тапсырыс орналастырылған мерзім бойынша анықталатынын атап өтті.

Жеке мектептерге қатысты шағымның көбейгенін Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті растады. Биыл 6 айда инспекцияға түскен өтініш саны былтырғыдан 15%-ға көбейсе, оның бір себебі осы болып тұр.

- Біздің инспекторлар барып тексереді, нұсқама береді. Сотқа дейін сүйемелдеп, сол аралықтағы жағдайды бақылауда ұстайды. Айыппұл салады. Оны уақытылы төлемесе, әрі қарай талап ету құқығымыз шектеледі. Одан кейінгісін сот шешеді. Негізі құқығы бұзылған әрбір қызметкер бірден сотқа жүгінсе болады. Сотқа материал түсе ме, оған мемлекеттік еңбек инспекциясы да, прокуратура да, басқа ешқандай мемлекеттік орган араласа алмайды. Біз тек қылмыстық іс бойынша үкім шыққанын күтеміз, - деді департамент басшысы Бектемір Жұмағұлов.

Облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторы осы орайда әлеуметтік желідегі жазба тексеру жүргізуге негіз бола алмайтынын атап өтті. Ол үшін департаментке өтінішпен жүгіну керек немесе басшысының жеке қабылдауына кіруге болады. Айтатын жәйт, биылдың өзінде елімізде 22 жекеменшік мектеп лицензиясынан айырылды. Негізгі себептері — білім беру стандарттарын орындамау және білім саласындағы заңнамалық талаптарға сәйкес келмеу.