Қызылордалық қос студент қауіпті сайттарды анықтайтын бағдарлама жасады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Нұрбол Оңалбеков пен Нұрбек Әбілдаев Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жасанды интеллект институтының 2-курсында оқып жүр. Студенттер жуырда қауіпті сайттар мен сілтемелерді анықтайтын бағдарлама әзірледі. Kazinform тілшісі оның тиімділігі жөнінде бағдарлама авторымен сөйлесті.
PhishGuard AI – фишинг пен цифрлық алаяқтыққа қарсы нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін интеллектуалды қорғаныс жүйесі.
– Платформа веб-ресурстар мен төлем беттерін талдап, жалған сайттарды, күмәнді деректер енгізу формаларын және әлеуметтік инженерия белгілерін анықтайды. Көпдеңгейлі талдау негізінде тәуекел деңгейі есептеліп, пайдаланушыға түсінікті қорытынды беріледі. Жүйе фондық режимде жұмыс істейді. Қолданушының тәжірибесіне кедергі келтірмейді. Жоба цифрлық қаржылық операциялар мен өзара онлайн әрекеттесудің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, - деді Нұрбол Оңалбеков.

Бүгінде интернет алаяқтарына алданып, опық жеп жүрген адам көп. Ізденімпаз жастар осындай қауіптің алдын алу бағытында бір ай бойы жұмыс істеген.
– Браузерлік косымша сайттың қауіпті екенін анықтаса, дереу жауып тастайды. Кейін қолданушы ол сайтқа кіре алмайды. Мысалы, кейбір танымал сауда үйлерінің атынан «сізге сыйлық бұйырды» деген мазмұнда сілтеме келіп жатады. Хабарламада ол үшін ақпарат толтыруды немесе қаржы жіберуді сұрайды. Міне, сол кезде осы қосымшаның көмегімен сайтты тексере аласыз. Мұның алаяқтар жасаған немесе тексерілген, сенуге болатын сілтеме екеніне көз жеткізесіз, - деді жас технократ.

Интеллектуалды қорғаныс жүйесінің авторлары жуырда InnoFest Qyzylorda инновациялық жобалар фестивалінде 2-орынға ие болды. Бүгінде олар жобаны жетілдіріп жатыр. Бірнеше мәрте сынақтан өтіп, оң нәтиже берген қосымшаны облыстық полиция департаменті сол кезде қолданып көруге ниетті.
Бұған дейін біз Қызылорда облысы Сырдария ауданының Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейдің 7-сыныбында оқитын Нұрислам Айбекұлының ұялы телефонға арналған қауіпсіз жүйе ойлап тапқанын жазғанбыз.