Қызылордалық оқушы Қазақ хандығы жайлы үстел ойынын жасады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Гаухар Марат Қазақ хандығы дәуірін жаңаша сипатта танытатын «Алтын тақ» танымдық үстел ойынын құрастырды.

а
Фото: Назарбаев зияткерлік мектебі

Кейіпкеріміз оны тарих пәнінің мұғалімі Айгүл Зейнулланың жетекшілігімен дайындаған.

Ұстаз сабақ процесіне оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес ойын элементтерін қосу баланың тарихи ойлау дағдысын дамытады деп есептейді.

а
Фото: NIS

— Бұл ойынды біздің мектепте 7-сыныпта, ал өзге мектептерде 6-сыныпта қолдануға болады. Қазіргі күні балалар сандық мәліметті жаттауға қиналады. Тарихи оқиғаларға, тұлғаларға қатысты деректерді шатастырады. Ал сабақты танымдық ойынға ұштастыру осы олқылықтың орнын толтыруға, яғни есте сақтау қабілетін арттыруға көмектеседі. Бұл ойынды қазақ хандығы тақырыбын өткен кезде қолдандық. Әлде де дизайнын өзгертіп, хандарды ғана емес, батырлар, жыраулар, Алаш қайраткерлері мен тағы басқаларды қамтып, басқа мектептерге тарату ойда бар, — деді Айгүл Зейнулла.

Жоба авторы тарихи тұлғалардың рөлін бағалау арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыруға болатынына сенімді.

а
Фото: NIS

— Ойында екі тақта болады, әрқайсысында 24 карточка бар. Бір жақ бетінде ханның суреті, екінші бетінде ол туралы ақпарат жазылған. Командалар кезекпен құпия ханды таңдайды. Оны қарсылас командаға жасырып, екі ақпарат ұсынады, яғни жасырған ханды табуға екі мүмкіндік беріледі. Ойын бүкіл ханның кім екені табылғанша жалғасады, — деді Гаухар Марат. 

Гаухардың жұмысы NIS Ustaz Қазақстан тарихы және құқық негіздері қауымдастығының Олимпиада және конкурстар комитеті Қазақ хандығының 560 жылдығына арнап ұйымдастырған «Тарихи тағылым» республикалық желілік байқауында І орынға ие болған.

а
Фото: Назарбаев зияткерлік мектебі

Еске салсақ, бұған дейін осы мектептің тағы бір оқушысы Сырсұңқар Базарбайұлы «Жыр-домбыра» атты интерактивті құрал жасап шығарған еді. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум