Қызылордалық жас ғалым жасушалардың қартаюын тежейтін биопрепарат жасады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — 23 жастағы Меруерт Төлегенқызы — Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің физика-химиялық талдау әдістері инженерлік бейіндегі зертханасының инженері.
Ол «Марал мүйізі мен жантақ сығындысының антиоксиданттық қасиеттері» атты зерттеу жұмысын химия ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрбол Аппазовтың жетекшілігімен бір жыл бойы жүргізген. Зерттеу нәтижесінде жантақ өсімдігі мен марал мүйізінің биологиялық белсенді қосылысы негізінде антиоксиданттық және профилактикалық әсері бар табиғи препарат дайындады.
— Екі экстрактінің құрамындағы антиоксиданттар зиянды заттарды бейтараптандырады. Сол арқылы жасушамызға зиян тимейді. Олардың қозғалысы оңай болады. Адамға энергия береді. Қоспа жасушалардың қартаюын тежеп, сол күйінде сақтап қалуға көмектеседі. Марал мүйізінен алынатын биологиялық белсенді экстракттар ғылымда бұрыннан белгілі. Бірақ жантақ өсімдігімен біріктіріп антиоксиданттық қасиеті жоғары биологиялық белсенді қоспа алу жаңа ғылыми бағыт саналады, — деді жас ғалым.

Табиғатта 22 түрлі амин қышқылы кездессе, марал мүйізінде оның 18 түрі бар. Ол иммунитетті күшейтіп, жүйке жүйесін тыныштандыратын, буын (артрит, остеохондроз) және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдейтін бірегей қасиетке ие. Ал жантақ шөбін халқымыз ерте заманнан бері емдік мақсатта пайдаланып келеді.
— Жобаның тағы бір өзекті тұсы әлемде, соның ішінде елімізде жүрек-қантамыр ауруының көбеюімен байланысты. Мұның негізгі себебі — атеросклероз. Ал оның басты молекулалық механизмі — тотығу стресі, яғни ағзада белсенді оттек формаларының шамадан тыс жиналуы. Жоба аясында осы табиғи шикізаттарды пайдалана отырып, жүрек-қантамыр жүйесін қорғауға бағытталған профилактикалық өнім жасалды, — деді Меруерт Төлегенқызы.
Жобаны жүзеге асыруға лайық орын ретінде Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында орналасқан «АКТИВ GROUP» серіктестігінің өндірістік базасы таңдалды. Енді аудандағы марал өсіретін шаруашылықтармен келісімшарт негізінде шикізат алу жоспарланып отыр.
Жас ғалым отандық ғылым мен өндірісті ұштастыруға арналған жобасы арқылы «Ғылым қоры» АҚ ұйымдастырған 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру конкурсының жеңімпазы атанды. Ол үшін 350 миллион теңге гранттық қаржыландыруға ие болды. Жан-жақты зерттелген, мемлекеттен қолдау тапқан биопрепарат келесі жылы өндіріске енгізілмек.
Бұған дейін қызылордалық қос студенттің қауіпті сайттарды анықтайтын бағдарлама жасағанын хабарладық.