Қызылжар ауданында 16 отбасы құжаттарының дұрыс болмауынан баспана ала алмай жүр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында тасқыннан зардап шеккен 1067 отбасы бүлінген мүлкі үшін 369 млн теңге өтемақы алды. Жергілікті билік жылыту маусымы басталғанша барлығын баспанамен қамтуды жоспарлап отыр.

Облыстық қоғамдық кеңесте тасқыннан зардап шеккендердің мәселесі қаралды. Қызылжар ауданында ғана 14 елді мекен су астында қалды. Салдарынан 1546 үй зақымданды.
Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиеваның айтуынша, қазіргі уақытта 1387 үй бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, соның ішінде 407 баспана апатты деп танылды.
«980 үйде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі қажет, оның басым бөлігінде құрылыс жүріп жатыр. 28 тұрғын үй иелерімен мәселе бар. Олардың бесеуімен шетелде жүруіне байланысты хабарласа алмай отырмыз, қалғандарының құжаттары толық емес, олардың алтауы міне құжаттарын істетті. Бұл үйлердің 13-ін жөндеп, қалған 15-ін бұзу қажет.
1067 баспана иесі 150 АЕК мөлшерінде бүлінген мүлкі үшін өтемақы алды. Оларға жалпы сомасы 369 млн теңге төленді», - дейді Алма Нұрғалиева.
Маманның айтуынша, «Қызылжар Асар» қоры 905 үйдің жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 5 млрд жуық теңге бөлді. Әрқайсысына орташа есеппен 5 млн 200 мың теңге шамасында берілді.
«Бүгінге дейін 274 баспана сатып алынды. Үйлердің орташа бағасы – 15 млн теңге шамасында.
40-қа жуық отбасы Петропавлға қоныс аударып, «Бірлік» шағын ауданынан жаңа үй алды. Қазіргі уақытта 99 отбасының мәселесін шешу қажет. Олардың 25-іне пәтер алынса, қалған 74-іне «Бірлік» шағын ауданынан жаңа баспана беріледі», - дейді Алма Нұрғалиева.
Қазіргі уақытта Қызылжар ауданында 7 механикаландырылған бригада жұмыс істеп жатыр. Олар баспаналарды қалпына келтірумен қатар 300-ге жуық үйді бұзды, мамыр айынан бері 24 мың текше метр қоқыс шығарды.
Бұған дейін СҚО-дағы су қоймаларының жағдайы тасқыннан кейін комиссиялық тексерістен өткенін жазған едік.