КҚК-мен мұнай тасымалдау тарифтері өзгере ме: ҚР Энергетика министрлігінің жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Каспий құбыр консорциумы (КҚК) тарифтері және Қазақстан мұнайын тасымалдауды әртараптандыру бойынша мәлімдеме жасады.

КТК
Фото: t.me/caspian_pipeline

Оның сөзінше, бұл мәселелер V Еуразиялық экономикалық форум алаңдарында талқыланған.

– КҚК тарифтері тақырыбы қарастырылды. Бірақ акционерлер арасында ортақ келісім керек. Әлбетте, біз шикізат экспорттаушы ел ретінде қазіргі тарифтерді сақтап қалғымыз келеді. Дегенмен, оны акционерлер отырысында қарастырамыз, – деді министр форум кулуарында.

Сонымен қатар, ол Қазақстан мұнайының негізгі көлемін халықаралық нарыққа тасымалдауда КҚК-ға балама дәл қазір жоқ екенін атап өтті.

– Бұл құбыр желісіне балама әзірге жоқ. Ол арқылы Қазақстанның 60-70 млн тонна мұнайы экспортталады. Мұндай көлемді қамти алатын басқа құбыр желісі жоқ. Сондықтан қазір басқа құбырлар жөнінде айтып жүрсек, оның бәрі – қосымша маршруттар. Біз кез-келген қосымша бағытты қарастырып жатырмыз, – деді Ерлан Ақкенженов.

Сондай-ақ, ол еліміз Қазақстан – Қытай құбыр желісін, Ақтау – Махачкала маршрутын қолданатынын және тасымалдың бір бөлігін Каспий теңізі арқылы жүзеге асыратынын мәлімдеді.

Одан бөлек, экономикалық тұрғыда тиімді болса, Қазақстан Баку – Супса маршруты арқылы тасымалдауды қосымша нұсқа ретінде қарастыруға дайын екенін жеткізді.

Әйтсе де, Әзербайжан тарапымен ресми келіссөздер әзірге жүргізілмеген.

Айта кетейік, бұған дейін КҚК арқылы мұнай тұрақты экспортталып жатқанын жазғанбыз.