КҚК теңіз терминалында дрон шабуылынан кейін мұнай тиеу уақытша тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалы ауданында болған оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мәлімдеме жасады.
Министрліктің хабарлауынша, КҚК ұсынған ақпаратқа сәйкес, 30 шілде күні Nissos Sifnos танкеріне үшінші айлақ арқылы мұнай тиеу жұмыстары аяқталып жатқан кезде тиеу манифольды ауданында ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы тіркелген.
– ҰҰА шабуылы қаупіне байланысты КҚК тарапынан мұнай тиеу жұмыстары алдын ала тоқтатылды, – делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ тиеуге жоспарланған Marathi танкері де КҚК теңіз терминалынан 6-7 теңіз милі қашықтықта ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшыраған.
Министрліктің мәліметінше, қолда бар ақпаратқа сәйкес, экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ және мұнайдың төгілуіне жол берілмеген.
– Шабуыл салдарынан туындаған өрт КҚК-ның үш буксирінің көмегімен сөндірілді, – деп хабарлады ведомство.
Айта кетейік, бұған дейін Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында Қазақстан мұнайын тиеп жатқан екі танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалған болатын.
Содан соң Қазақстан КҚК арқылы мұнай тасымалдаған азаматтық кемелерге жасалған шабуылды қатаң айыптады.
27 шілдеде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауды және оны Новороссийск теңіз терминалы арқылы тиеу операцияларын қайта бастағаны мәлім болды.