КҚК жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауды қайта бастады - министрлік
АСТАНА. KAZINFORM – Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауды және оны Новороссийск теңіз терминалы арқылы тиеу операцияларын қайта бастады, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.
Қазіргі уақытта КҚК-ның екі айлақ құрылғысында SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне мұнай тиеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі кеме де «Теңізшевройл» ЖШС өндірген мұнайды қабылдауда.
Мұнай қабылдаудың қайта жандануы мұнай өндіруші компанияларға шикізатты құбыр жүйесіне жеткізуді жалғастыруға және теңіз терминалы арқылы экспорттық операцияларды қайта бастауға мүмкіндік береді.
– Теңіз терминалындағы операциялар ағымдағы жағдайды бағалау және қауіпсіздік талаптарын сақтау ескеріле отырып жүргізіліп жатыр, – делінген министрлік хабарламасында.
ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, ведомство КҚК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен және үдеріске қатысушы өзге де тараптармен тұрақты байланыста жұмыс істеп келеді.
Министрлік жағдайды бақылауды жалғастырып, қазақстандық мұнайды одан әрі тасымалдауды қамтамасыз етуге бағытталған іс-қимылдарды үйлестіруде.
Айта кетейік, бұған дейін Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында Қазақстан мұнайын тиеп жатқан екі танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалған болатын.
Содан соң Қазақстан КҚК арқылы мұнай тасымалдаған азаматтық кемелерге жасалған шабуылды қатаң айыптады.