Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Классикалық селекция тәсілі бойынша бір сортты шығаруға 15 жыл керек – ғалым

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласындағы Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты күріш өсірумен ғана айналыспайды. Одан бөлек арпа, соя, жоңышқа сияқты басқа да дақылдардың жаңа сұрыптарын шығаруды жолға қойған.
Ғалымдардың айтуынша, жаңа сорт шығару – ұзақ уақытты, үздіксіз ізденіс пен нақты ғылыми бақылауды қажет ететін күрделі процесс.

d
Фото: Kazinform

Ол үшін әрбір сорт үлгісінің генетикалық ерекшелігін, өнімділігін, тұзға және құрғақшылыққа төзімділігін, жергілікті табиғи жағдайға бейімділігін бірнеше жыл бойы жан-жақты зерттейді.

– Жыл сайын институтта 30-40 тонна күріш, 25-30 тонна арпа өндіріледі. Мысалы, шаруашылықтар күріштің «Сыр сұлуы» мен «Айсара» сорттарына қызығушылық танытып, өндірісте қолдана бастады. Ал жаздық арпаның «Дамир» сорты солтүстік өңірлердің қатал климаттық жағдайында жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар «Ер-Әлі» шаруа қожалығында жүргізілген тәжірибе нәтижесінде жергілікті арпа сорттарының орташа өнімділігі гектарына 40 центнерге жетті, - деді институттың бөлім меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық аграрлық ғылым академиясының академигі Лаура Тохетова. 

ы
Фото: Kazinform

Су тапшылығы мен топырақтағы тұз мөлшерінің жоғары болуына байланысты тұзға төзімді, суды аз қажет ететін дақылдар егісінің көлемін көбейту – аймақтың ауыл шаруашылығы өндірісін арттырудың негізгі көзі.

– Зерттеудегі негізгі мақсатымыз – жемдік дақылдардың өнімділігін арттыру, бәсекеге төтеп бере алатын жемдік бағыттағы арпаның жаңа сорттарын шығару. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін 2006 жылы алғаш рет арпаның селекциялық жұмысы және толық схемасы бойынша тәлімбақтар әзірленді. Жыл сайын селекциялық процес барысында 3 мыңға жуық сорт үлгісі зерттеледі. Оларды стандартпен салыстырып, биологиялық және шаруашылық қасиеттеріне кешенді баға беріледі. Жаңа сұрыптар тұзға, ауа құрғақшылығына бейімділігімен, көктемде кеш егілетінімен, суыққа төзімділігімен ерекшеленеді. Осының арқасында жаңа сорттар жақсы өнім бере алады. Малдың азығы саналатын сорт болғандықтан дәнінің құрамында 14-% дан артық ақуыз болуы қажет. Біздің сорттарымызда бұл мөлшер 16%-дан жоғары екені анықталды. Қалыптасқан классикалық селекция тәсілі бойынша бір сортты шығаруға 15 жыл керек. Әр 2-3 жыл сайын жаңа сорт шығару үшін селекциялық процесс үздіксіз жүргізілуі міндетті, - деді Лаура Тохетова.

Селекциялық жұмыс нәтижесінде жаздық арпаның бірнеше жаңа сорты шығарылды. Олардың ерекшелігі, тез піседі, әдеттегіден 7-10 күн ерте піседі. Ғалымдар енді жергілікті арпа сорттарын бірыңғай тұқым шаруашылығы үлгісінде көбейтуге кірісті. Институттың төл өнімі ретінде арпаның «Қоңыр» деп аталатын тағамдық сортын айтуға болады. 

ф
Фото: Kazinform

 – Басты ерекшелігі – дәнінің қабықсыз болуы. Бұл қайта өңдеу барысында дәнді қауыздандыруды қажет етпейді. Технологиялық шығынды айтарлықтай азайтып, дайын жарма өнімінің шығымын арттырады. Ақуыз мөлшері және сапасы жоғары, дәні біркелкі әрі ірі. Мұндай сорттарды көпжылдық шөптерге бүркеме дақыл ретінде пайдалану ұсынылып отыр. Облыс бойынша бұл сорттарды 15-20 мың гектар жерге орналастыруға болады, - деді ғалым.

Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты – күріш шаруашылығы бойынша еліміздегі бірден-бір ғылыми-зерттеу орталығы. Орталық өкілдері ғылым нәтижесін өндіріске тікелей енгізіп, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүр.

ы
Фото: Kazinform

 – Соңғы жылдары қаржылық қиындыққа байланысты бірқатар тәжірибелі ғалым институттан кеткен болатын. Жағдай біртіндеп тұрақталып, ұжым жаңа жас ғалымдармен толықты. Бұл ғылымның сабақтастығын сақтауға және жаңа бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді. Институт ғалымдары бағдарламалық-нысаналы және гранттық қаржыландыру аясында күріш пен арпа селекциясы, тұқым шаруашылығы, мал азықтық дақылдарды өсіру технологиясы, тұзданған жерде қант қызылшасы мен күрішті экологиялық сынақтан өткізу, сондай-ақ бақша дақылдарының селекциясы бағыттарында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп келеді, - деді Лаура Тохетова.

п
Фото: Kazinform

Орталық әлгінде атап өткен күріш пен арпадан бөлек бидай, түйежоңышқа, жоңышқа, қауын сорттарын өндіріске қосты. 
Бұған дейін біз Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты отандық автоматтандырылған су өлшеу құрылғыларын сынақтан өткізе бастағанын жазғанбыз.